Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев азаматтарды қабылдады

Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады. Кездесу "AMANAT" партиясы жанындағы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтті. Келушілер қатарында стартап жобасын таныстырған жастар, баласының еміне қаражат іздеген ана мен әлеуметтік мәселелерді көтергендер болды. Депутат әр азаматтың арыз-шағымын мұқият тыңдап, заң шеңберінде кеңес берді.

АРДАҚ СӘКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қызым лейкемиямен ауырады. 2023 жылы Түркияда операция жасатқан. Енді донор табылып, наурыз айында тағы бір ота жоспарланып тұр. Соған 70 млн теңге қаржы керек. Ол өмірге құштар. Онкологиямен ауырған балаларға да қолдау көрсетіп, волонтер болды. Қызымның өмірін аман сақтап қалуға көмектесулеріңізді сұраймын.

Мұң-мұқтажын айта келген кей азаматтың мәселесі сол жерде шешімін тапты. Ал күрделі сұрақтар бойынша тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолданады. Мұрат Ергешбаев барлық өтініштердің орындалуын жеке бақылауына алатынын жеткізді.

МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Халық әрбір инстанцияға барып, өз өтініштерінің нәтижесін көрмеген соң, "Amanat"-қа сеніп, партия филиалына келіп, өз ұсыныстарын айтып, арыздарымен шығып жатыр. Әрине, барлық мәселе бір мезетте шешілмейді, бірақ ең бастысы халыққа түсіндіріп беру керек. Сосын шешу жолдары болса айтып, болмаса, ашық айту керек мынау шешелмейді мынандай заңдарға қайшы келеді дегендей. Егер дұрыс түсіндіріп берсе, халық жақсы түсінеді оны. Біз мүмкіндігінше көмектесуге тырысамыз.