Мәжіліс Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялады. Бұл келісімге 2025 жылғы 28 ақпанда Астанада қол қойылған.
Келісімнің негізгі мақсаты – ұлттық заңнама талаптарын бұзып, мемлекеттер аумағында жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін қалыптастыру.
Құжат бойынша, заңсыз көшіп-қонушыларды және ел аумағында жүру шарттарын орындамаған адамдарды Тараптардың бір-біріне қайтару тәртібі мен мерзімдері нақты айқындалған. Сонымен қатар Заң жобасында екі елдің азаматтарын ғана емес, үшінші елдердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау, беру және транзиттеу рәсімдерінде бірлесіп әрекет ету тәртібі белгіленген.
Сондай-ақ осы келісім аясында, үшінші елдің азаматтарын реадмиссиялау мәселелерін қарастыру кезінде оларды өз азаматтығы бар мемлекетке қайтару көзделіп отыр. Ал азаматтығы жоқ адамдар соңғы тұрақты тұрған еліне немесе жол жүру құжатын берген мемлекетке реадмиссияланады.
Келісімді іске асыруға жауапты органдар: Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Австрия тарапынан – Австрия Республикасы Федералдық ішкі істер министрлігінің Иммиграция және баспана беру жөніндегі федералдық ведомствосы.