БҚО-да мердігерлер 56 миллион теңге қаржы жымқырған

Батысқазақстандық кәсіпкер 56 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырыпты. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, ол Сырым ауданынан жол салуға бөлінген 259 миллион теңгенің тендерін ұтып алған. Бұдан кейін ол басқа бір компаниямен өзара келісіп, тапсырыс берушіге жалған деректер ұсынады. Яғни, асфальт төселмей, жер қазылмай, су құбырлары жүргізілмесе де, құжатта бәрін тап-тұйнақтай қылдық деп көрсеткен. Тапсырыс беруші аударған ақшаны мердігер өз сыбайласымен бөлісіпті. Бір қызығы, мемлекет ақшасын майшелпекке айналдырғандарға майлы жіліктің басын ұстатып қойған шенеунік бұған дейін сот үкімімен лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған екен.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:

Мемлекетке келтірілген материалдық залал 56,5 млн теңгені құрады. Сот санкциясымен күдіктілердің бірінің пәтеріне тыйым салынды. Оларға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.