Небәрі бір жыл ішінде инфляцияны төмендеттім, Американың жауларын жер жастандырдым. Конгресстегі жыл сайынғы сөзінде, Трамп 2 сағат бойы мақтанумен болды. Елдің тәуелсіздік алғанына 250 жыл толуына орай, АҚШ Президенті: «Алтын ғасыр» қайта орнайды, - дейді. Оның үстіне, Олимпиаданың финалында Канададан басым түскен хоккейден Ұлттық құраманы Конгресс залында ұлықтап, Солтүстіктегі көршісін кезекті рет мазақ етті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Қылмыстың санын азайттым, Мексикамен шекараны шегендедім, есірткі тасымалын тоқтаттым. Трамптың бір жылда жетпеген жетістігі жоқ. Конгрессте АҚШ Президенті 2 сағат мақтанумен өткізді. Айтуынша, мұнай өндірісінің артып, биржадағы көрсеткіштер де дәл өзінің арқасында көтерілді. Бұл – Тәуелсіздіктің 250 жылдығымен тұспатұс келіп тұрған «Алтын ғасыр», - дейді Трамп.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Техастың қатал ауылдары мен Мичиганның суық қалалары. Флориданың ыстық жағалауы мен Дакотаның ұшы-қиыры жоқ даласы. Бүкіл жерде Американың алтын ғасыры орнады. Барлығы бізден қорқады. Бүкіл ел Президенттері менің алдымда тізерлеуге дайын. Менімен телефон арқылы сөйлесу үшін кезекке тұрады.
Венесуэла Президенті Николас Мадуроны ұрлап әкеткенін де, асқан мақтанышпен еске алды. Украинадағы соғыс туралы да сөз етті. Бірақ, Трамп басты назарын Иранға бұрды. Бұл тұста өзінің әлі де Иранға шабуыл жасамауы мүмкін екенін айтты. Таңдау, ел басшылығында екенін тағы бір шегеледі.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Иранмен келіссөздер жалғасып жатыр. Олар өтірік айтудың қас шеберлері. Қару таратпаймыз, ешкімге қауіп төндірмейміз дейді. Бірақ, олардың баллистикалық зымырандары Еуропа елдеріне жете алады. Кейінгі сынақтарында олар біздің құрлыққа да жететін зымырандар жасауда. Келіссөздерде менің естігім келетіні бір: «Біз ядролық қарудан бас тартамыз», - деген сөз. Бірақ, оны естімедім. Мен ешқашан лаңкестерге ядролық қару жасауға жол бермеймін.
Трамп өзін аяқтан шалған Жоғарғы Сот судьяларын да көпшілік алдында жер қылды. Менің экономикалық жетістіктерім сендерге қарап қалған жоқ, - дейді АҚШ Президенті. Жоғарғы Сот төрағасы Джон Робертс пен тағы 3 судья Трамптың бұл жиынына қатысты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сендердің саясат пен экономикадан мүлдем хабарларың жоқ. Менің тариф саясатым елге 400 млрдқа жуық қаражат әкелді. Көптеген корпорациялар мен мемлекеттер осы межені сақтауды сұрап, жалынып жатыр. Жанармай бағасын төмендетіп, ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемені түсіргенімізді түсінбеген сияқтысыңдар. Қолдарыңнан ештеңе келмесе, аяққа оратылмаңдар.
Трамптың Конгресске жолдауы жүріп жатқан кезде, Эпштейннің құрбандары баса-көктеп кірмекші болды. Олар, тергеу жүргізілмей жатқанына наразы. Тіпті, ресми тергеуге Трамптың өзі кедергі келтіріп отыр деген де пікірлер айтылды.