Енді мұғалімдерді мәжбүрлі еңбекке тартқандарға айыппұл салынады

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2026

Енді мұғалімдер сабақты қойып, сенбілікке шықпайды. Кімде-кім ұстаздарды мәжбүрлі түрде жұмысқа тартса айыппұл арқалайды. Мәжіліс педагогтардың құқығын қорғайтын жаңа заң жобасын әзірледі. Бұдан былай білім берушілер әр оқушыны қадағалап, ватсаптан келген әр сұраққа жауап беруге міндетті емес. «Тентектерді тезге салу да» олардың құзыретіне жатпайды. Білім мен ғылымдағы өзге де өзгерістер туралы әріптесім Аружан Задабек толықтырсын.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Білімді де беретін, ілімді де теретіп, қатеңді түзеп артыңнан, тәртіпке салып келетін, кешірім сұрап әркімнен, сен үшін басты иетін, қит етсе қырды тазалап, сенбілікте де жүретін, оқушысын оқытып, бес саусақтай білетін, өзінен артық көретін ұстаздардың үні әйтеуір Парламентке жетті. Мұғалімдердің бұрыңғы бастығы Асхат Аймағамбетов экс-әріптестерінің тым ауыр жүкті арқалап жүргенін айтып, ашынды. Бала сабақтан тыс уақытта тәртіп бұзса, не қараусыз қалса басқаны емес, педагогті жерден алып жерге салатынымыз жасырын емес. Бір «тентекті» тезге сала алмадың деп жұмыстан да қуған жағдайларды естідік.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мұғалім оқу процесі кезінде ғана жауапты болуы керек. Ал каникулда, түнгі уақытта оқушының ата-анасы жауапты.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Күнін мектепте өткізетін мұғалімнің түнін телефонға телміріп, тергелетінін қайтесің! Бір басында 10-нан аса чаты бар. Алда-жалда үн қатпаса, ата-аналар тоқпақтай кетеді. Оны былай қойғанда, қолындағы кітабын күрекке алмастырып, ағаш әктеп, көше тазалайтынын да көз көріп жүр. Енді бәрі өзгеруі тиіс. Егер қайталанса кім мәжбүрлейді, сол айыппұл арқалайды.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біздің ұсынып отырғанымыз – ескерту емес, нақты кішкентай мөлшерде болса да айыппұл болу керек. Егер мектеп басшысы соны істетсе, мектеп басшысына, білім басқармасы сондай шешім қабылдаса, онда білім басқармасына, министрлік шешім қабылдаса, министрлікке, яғни, мемлекеттік органдарға қарастырылған.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Абай «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Бірақ бұл сөзді бұлжытпай орындауға біздің шамамыз келіп жатыр ма? Бұл жерде мәселе ғалымдарда емес, мүмкіндікте. Құрал-жабдық бар, зертхана жетеді. Дей тұрғынмен ол жаққа кіріп, тірлік істеу оңай шаруа болмай тұр. Бәрі бірдей кіре алмайды, таңдалған тұлғаларға ғана тиімді. Депутаттар осы мәселені реттеп, қолжетімді етуді қолға алды. Бұдан былай дарынды оқушылар да университеттегі кабинетті тегін пайдаланады.

МАКСИМ РОЖИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Көбіне мемлекет қаржысына сатып алынған қымбат құрал-жабдықтар университеттер мен ғылыми зерттеулер институттарында бос жатады. Әдетте олар негізінен осы университеттің ғылыми қызметкерлері ғана пайдаланады. Ал дарынды жас ғалымдар мен басқа ғылыми зерттеу институттардың қызметкерлері оған қол жеткізе алмайды.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Яғни, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесі нақты заңмен айқындалады. Олардың құқықтары мен бостандықтары қорғалады, академиялық еркіндікке кепілдік беріледі, зерттеу тақырыбын өздері таңдауға мүмкіндік болады. Әрі шығармашылық еркіндігі сақталады.

ГҮЛЗАТ КӨБЕНОВА, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Ғылым және технологиялар саясаты заңы аясында бүгінгі күні Қазақстандық ғылыми портал қалыптастырылуда. Оның ішінде 525 ғылыммен айналысатын мекеме туралы ақпарат толықтырылып жатыр. 26 мыңнан аса ғалымдар өз анкеталарын салды.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бастысы, ғылымды қаржыландыру жүйесінде мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Бұл - логикалық қадам. Өйткені бюджет қаржысы жұмсалатын жерде есеп те, талап та болуы керек. Бұған дейін осыған қатысты біраз тартыс та, текетірес те болған еді. Өйткені қай жоба қанша қаражат алатынын, қай жоба қолдау табатынын Ұлттық ғылыми кеңестер шешеді. Уәкілетті органның бұған қатысты бақылау функциясы айқындалмаған. Заң жобасы осы мәселені реттеуді көздейді.