Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2026

Мұз айдынында өнерімен әлемді тәнті еткен Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ел оралды. Ақ Олимпиадада абыройды асқақтатқан талантқа ерекше құрмет көрсетіліп, үш бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.

Елорданың ақ түтек бораны мен аязы жанкүйерлердің ыстық ықыласының тасасында қалғандай. Түн ортасы ауса да, Астана әуежайында ине шаншар жер болмады. Күміс конькиімен мұз бетінде тарих жазған Михаил Шайдоровты жұрт нағыз батырдай қарсы алды. Желбіреген көк байрақ пен жалынды жазулар, күмбірлеген күй мен шашылған шашу рухты көтеретін ерекше көрініске айналды. Олимпиада шыңында Көк байрақты желбіреткен чемпион да туған жердің топырағын баса салысымен, жанкүйерлеріне ақжарма тілегін білдірді.

МИХАИЛ ШАЙДОРОВ, ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ:

Түннің бір уағына қарамастан осында келіп, мені күтіп алған жандарға алғысым шексіз. Сыйлықтарыңыз үшін де алғыс айтамын. Көк байрағымыз жоғары көтерілгенде кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Осындай қолдауларыңыз мені одан әрі өсуге шабыттандырады.

ГЕННАДИЙ ГОЛОВКИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елге Олимпиаданың алтын медалімен оралудың қандай сезім екенін мен жақсы білемін. Бүгін ортамызда нағыз қаһармандар тұр. Ең алдымен, осындай  чемпиондарды баптап, тәрбиелеген жаттықтырушылар мен ата-аналарына шынайы алғысымды айтқым келеді.

Тарихты таңбалаған тұлғаларға лайықты сый-сияпат та жасалды. Шайдоровқа елорданың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Сондай-ақ, ел намысын абыроймен қорғаған Софья Самоделкина мен ұлттық құраманың бапкері Әсем Қасеноваға да жаңа баспана сыйға тартылды.

БАУЫРЖАН ЕРАЛЫ, ҚР МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Михаил Шайдоров біздің елімізге алтын алып келді. 32 жылдан кейін дәл осындай медаль алып келгені үшін бұл қазақ тарихында бірінші рет. сондықтан да біз өте қатты мақтан тұтамыз. Денис Теннан кейін сара жолды Михаил бауырымыз басты.

Тарихи жетістік талай өрендердің мұз падишасы мен ханшайымы болуға деген үмітін оятқаны анық.