Абай облысында 40-қа жуық есірткі гафити жазулары жойылды

Polisia.kz

Абай облысы аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері өңірде заңсыз есірткі жарнамасын насихаттайтын 40-қа жуық есірткі гафити жазулары анықталып, толықтай жойылды.

Бұл тек қабырғадағы жазуларды өшіру емес, қауіпті белгілерді қоғам санасынан жою болып табылады. Қалалық полиция қызметкерлері еріктілермен бірлесе отырып, қала көшелерін, тұрғын үйлердің қабырғаларын, аялдамалар мен қоршауларды тексеріп, заңсыз сілтемелер мен күмәнді жазуларды дер кезінде анықтады. Әрбір рейд — қауіптіліктің алдын алуға бағытталған нақты қадам, әрбір өшірілген граффити — сақталған тағдыр.

Есірткі гафитиі көбіне түнгі уақытта пайда болады. Оның артында жасырын есірткі саудасы, арбалған жастар мен бұзылған тағдырлар жатыр. Қарапайым қабырғадағы жазу көрінгенімен, ол заңсыз айналымға шақырған үнсіз жарнама. Сондықтан оны жою — тек эстетикалық емес, қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Полиция қызметкерлері тек салдарын ғана емес, себептерін де жоюға басымдық береді. Заңсыз жарнаманы орналастырған тұлғаларды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Қоғамдық кеңістікті қылмыстық мақсатта пайдалану заң алдында жауапкершілікке тартылады. Еріктілердің белсенділігі азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Жастар өз ортасын зиянды ықпалдан қорғауға ұмтылып, болашаққа сенімділікті арттырады. Бірі тәртіпті қадағаласа, бірі қабырғаны тазартады — барлығы бірігіп, қоғамды қорғайды. Қала келбеті оның мәдениеті мен қауіпсіздігінің айнасы. Таза қабырға — тыныш өмірдің белгісі. Наркогафитиге қарсы күрес алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады, профилактикалық шаралар, түсіндіру кездесулері және жастармен ақпараттық науқандармен ұштасады. Құрметті тұрғындар! Егер күмәнді жазулар немесе заңсыз жарнамалар байқалса, бірден полицияға хабарлаңыз. Қоғамдық қауіпсіздік — баршамызға ортақ құндылық. Біз бірге әрекет еткенде ғана қаламызды қауіпті ықпалдан қорғауға болады.