Қызылжарда әйел өзінің көңілдесін телевизордың пультымен ұрып өлтірді

Қызылжарда әйел өзінің көңілдесін телевизордың пультымен ұрып өлтірді. Оқиға ақпанның жетісі күні Батыр Баян көшесіндегі жеке үйлердің бірінде болды. 52 жастағы ер адам танысы екеуі ішімдік ішіп, көңіл көтерген. Артынша сөзге келіспей қалып, ер азамат әйел адамға қол жүгіртіпті. Бұған шыдас бермеген ол пультты алып, көңілдесінің басынан бірнеше соққы жасаған. Ізінше жұп тағы ішімдікке салынып, ұйықтап кеткен. Ал таңертен әйел адам жәбірленушінің қозғалмай жатқанын байқап, дәрігерлерді шақыртқан. Басынан ауыр жарақат алған науқас араға 10 күн салып көз жұмды. Полицейлер 58 жастағы әйелді қамауға алды.

ЮРИЙ КЛЫКОВ, СҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Полиция Петропавл қаласының 52 жастағы тұрғынының өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. ҚР қылмыстық кодексінің 106 бабы 1-бөлімі, яғни адамның денсаулығына зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ретінде 58 жастағы әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде.