Трамп Халиско картелінің басшысын өлтіруге бұйрық берген

Әлемдегі басты наркоқылмыскер, Халиско картелінің басшысы – «Эль Менчоны» өлтіруге бұйрықты Трамп берді. Бұл жайтты Мексика Президенті Клаудия Шейнбаум растады. Куба әскері америкалық азаматтардың кемесіне шабуылдап, 4 адамды өлтірді. АҚШ билігі бұны жауапсыз қалдырмаймыз, - дейді. Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан Украинаға қарсы әскери қимылдарға дайындалуда. Зеленский біздің инфрақұрылымымызға қауіп төндіріп отыр, - дейді Мажарстан басшысы. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Жазда өтетін футболдан Әлем Чемпионатына қауіп төнбеуі үшін осындай әрекетке бардық. Бұл – Трамптың ойы. Мексика билігі Халиско есірткі картелінің басшысы Немесио Рубен Осегера Сервантесті АҚШ Президентінің бұйрығымен өлтіргендерін растады. Эль Менчо әлемдегі ең қауіпті қылмыскердің бірі болды. Қазірдің өзінде, оның баскесерлері күштік құрылымдарға шабуылын жалғастыруда. Ал, Халиско картелінің орталығы Әлем чемпионатының ойындарын қабылдайтын Гвадалахара қаласы болғандықтан, ФИФА да жағдайды бақылауда ұстап отыр.

КЛАУДИЯ ШЕЙНБАУМ, МЕКСИКА ПРЕЗИДЕНТІ:

Бізге барлау мәліметтерін АҚШ бергенін естіген боларсыздар. Операция басталмай тұрып, біз Президент Трамппен күнде байланыстамыз. Біз жағдайды толық бақылауымызға аламыз. ФИФА Президенті Джанни Инфантиномен де сөйлестік. Ұйым, өз кезегінде, басты футбол додасының өткізілетін қалаларын ауыстырмайтындарын және қауіпсіздік мәселесінде толыққанды бізге сенетіндерін жеткізді.

Флоридадан шыққан кемеге шабуыл жасады. Куба әскері 4 америкалық азаматты өлтірді. Тағы 6 адам жарақат алды. Оның үстіне, тірі қалғандар қамауға алынған. Куба билігі америкалық әріптестеріне өздері ақпарат берген. Десе де, кеме елдің шекарасына басып кірді деп ақталуда. Ал, Трамптың орынбасары Джей ди Вэнс Кубаға сенуге болмайды деп айтып үлгерді.

МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Біз алдымен оқиғаның мән-жайын толық зерттейміз. Одан кейін лайықты жауап қайтарамыз. Егер Куба билігін кінәлі деп тапсақ, жазасын береміз. Шындығына келгенде, оларға сенуге болмайды. Диктатуралық режимдер, ойларына келгенін істеп алып, сол істі мойындарымен көтеруден қашқақтайды.

Украина бізге қауіп төндіре бастады. Венгря Премьер-министрі Виктор Орбан осылай деп дабыл қақты. Тіпті, шекараға әскер жіберді. Кәрі Құрлықтағы Путиннің жалғыз досы аталып кеткен Венгрия басшысы сайлауалды бағдарламасын «Украина және Еуропалық Одаққа қарсы жалғыз қарсы тұрамын», - деген ұранмен өткізіп келеді. Апта басында Достық мұнай құбырын Украина қалпына келтірмесе, Брюссель бөлетін 90 млрд еуроны бергізбейміз, - деп сес көрсетті.

ВИКТОР ОРБАН, ВЕНГРИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мен Украина біздің еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын істен шығарғысы келіп отырғанын көріп отырмын. Сондықтан, шекарада қосымша әскери және полицей патрульдерін күшейттік. Бұндай қадамға баруға мәжбүр болдық. Зеленский және Украина лаңкестік әрекеттерге баруда. Киевтің және Брюссельдің түпкі мақсаттары мені тақтан тайдыру. Ол ойларынан ештеңе шықпайды.

Иран АҚШ-пен соғысқа дайындалуда. Ормуз бұғазында теңіз күштері мен дрондар қолдану арқылы оқу-жаттығу жүргізілді. Жағалауда қорғаныс жүргізуге Ислам Революциясын Қорғау Корпусы тартылып жатыр. Сонымен қатар, кемелерге қарсы зымыран дайындығы да таспаланды.