Алматыда Көктөбеге кіру және тұрақ бағасы 25 000 теңгеге жеткен

  • AstanaTV
  • 26 ақпан 2026

Алматыда Көктөбеге кіру мен тұрақ ақысы 25 000 теңгеге көтерілген. Тұрғындар мұндай бағаны кім және не үшін қойғанын түсіне алмайды. Бұл мәселе қазір әлеуметтік желіде қазір қызу талқыланып жатыр. Жауаптылар бұған не дейді? Тілшіміз Әйкерім Есенкелді айтады.

Алматыны алақандағыдай көру үшін жұрт мұнда енді өз көлігімен келсе, 25 000 тг төлеуі керек. Бұл- тек тұрақтың құны.  Ал шағын автобуспен көтерілу бір бағытқа адам басына -3000тг. Отбасы болып келгендер үшін бірнеше минуттық жолға бұл тым қымбат дейді көпшілік.  Балама нұсқа – аспалы жол. Оның екі бағыттағы билет құны бір адамға -10 000 теңге.

 БЛИЦ:

- Енді достарыммен көлікпен келген соң, зу етіп үстіне шыққан жақсы. 25 мың төлеу деген дұрыс емес сияқты.

- Енді біз Ақтаудан келіп тұрмыз мына жерге қыдыруға, сәл қымбаттау көріп тұрмыз. Арзандау болса күшті болар еді.

- Менің ойымша 25 000 теңге болуы туристер үшін бұл орынды, себебі бұл туристік орын. Ал жергілікті тұрғындар үшін тиімді емес.

Саябақ басшылығының да пікірі осындай. Көбіне жергілікті тұрғындар наразылық білдіреді, ал туристер бағаға қарамайтын көрінеді. Заңға сәйкес олар көліктің кіруіне шектеу қоя алмайды. Ал баға көлік ағынын реттеудің жалғыз тәсілі дейді. Түскен қаражаттан пайда табу көзделмеген. Саябақ жылына небәрі төрт ай ғана жұмыс істейді. Осы уақыттағы табыс қызметкерлердің жалақысына және аумақты күтіп-ұстау шығындарына жұмсалатынын айтты.

ФАРХАТ УАЛИЕВ, КӨКТӨБЕ САЯБАҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Былтыр бағасы 15 мың теңге болған. Оның алдында біз 20 мыңға көтерейік дегенбіз, ниет болған, бірақ 15 мың қылдық. Бірақ 15 мың теңгеге қарамастан көліктің саны бізде азаяр емес. Олар кептеліс жасайды, оның үстіне бізде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі бар ол көліктерден. Сондықтан ол баға тек қана көліктің санын азайту үшін ғана жасалған. Оған түскен ақшаны Көктөбе саябағын ары қарай дамытуына жұмсалады.

Мамандар алдағы уақытта баға тек көтерілмесе түспейтінін жеткізді. Құны қолайсыз деп тапқандар үшін  басқа  жолдар ұсынылған. Ең дұрысы, сапалы жолмен тегін әрі әсем көріністі тамашалап, жаяу көтерілу.