1 млрд теңгеден асатын 180 мың вейп тәркіленді

Фото: скриншот

Алматыда электронды темекілерге толық тыйым салынғанына қарамастан, вейптердің заңсыз саудасының ірі схемасы әшкереленді, деп хабарлайды Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, тыйым күшіне енгеннен бері қалада вейптердің заңсыз айналымының ондаған дерегі анықталды.

Негізгі сату арнасы – Telegram мессенджері мен әлеуметтік желілер. Сауда жасырын түрде жүргізіліп, өнімдер қоймаларда және жасырын орындарда сақталған.

Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті кезекті қылмыстық істі аяқтады.

Күдіктілер тыйым салынған өнімді «ESCOBAR OPTOM», «Snake opt» және басқа да Telegram-арналар арқылы сатқан.

Тергеу барысында 180 мыңнан астам вейп тәркіленіп, жойылды. Оларды сатудан түсуі мүмкін табыс 1 миллиард теңгеден асуы ықтимал болған.

Қоймалар мен сату нүктелері анықталды. Күдіктілердің мүлкіне 347 миллион теңге көлемінде шектеу салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды, жауапқа алты адам тартылып отыр.

- Прокуратура 2024 жылғы маусымнан бастап Қазақстанда электронды темекілерді, оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынғанын еске салады. Заңсыз айналым үшін бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, - делінген хабарламада.