Облыста 218 нотариус пен 150 сот орындаушысының қызметі тексерілді.
Облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Негина Қылышбаеваның айтуынша, өткен жылы азаматтарға 2 202 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Спикердің сөзінше, өңірде 218 нотариус азаматтарға қызмет етеді. Сондай-ақ 13 мемлекеттік және 137 жеке сот орындаушы бар.
— Департамент тарапынан нотариустардың іс-әрекеттеріне қатысты 36 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 15 нотариус жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жеке сот орындаушыларына қатысты 135 жоспарлы бақылау жүргізіліп, 111 тұлға тәртіптік жауапқа тартылды, — деді ол.
Ведомство мәліметінше, облыста өткен жылы 163 593 атқарушылық өндіріс нәтижесінде мемлекет кірісіне 7 миллиард 885 миллионан астам теңге түскен.
Сондай-ақ алимент өндіру санаты бойынша 23 275 құжат тіркелген.
— Оның ішінде 614 борышкерге іздеу жарияланды. Ал 277 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Бос орындар» жәрмеңкесі аясында 84 борышкер жұмыспен қамтылды, — деді спикер.
Облыс бойынша былтыр 65 558 азаматтық хал актісі тіркелген. Оның 45 724-і — туу, 9 981-і — қайтыс болу, 9 249-ы — некеге тұру және 604-і — некені бұзу деректері.