Щучинсктегі жарылыс: комиссия құрылды

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрі генерал‑лейтенант Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше оқиғаның себептерін анықтау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Комиссияға ТЖМ басшысы төрағалық етеді. Оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Әділет, Сауда және интеграция министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері кірді.

— Комиссияға оқиғаның себептерін жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз етіп, ұқсас жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін қажетті ұйымдастырушылық және алдын алу шараларын әзірлеу тапсырылды, — делінген хабарламада.

Зардап шеккен адамдарға және қайтыс болған адамдардың отбасыларына медициналық және психологиялық қолдауды қоса алғанда, барлық қажетті көмек көрсетілетін болады. Ақмола облысының әкімдігіне қайтыс болған адамдарды жерлеуді ұйымдастыруға көмек көрсету тапсырылды.