Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Жайсан» өткізу бекетінде 330-дан астам жүк көлігі кептелісте тұр. Жүргізушілер тәуліктеп жол жиегінде түнеуге мәжбүр. Бұл бір күндік емес, жылдап шешімін таппай келе жатқан мәселе. Шыдамы таусылған тасымалдаушылар бүгін Кәсіпкерлер палатасына жиналды.
«Жайсан» бекетінде тағы ұзын-сонар кезек. Шекаралық және кедендік рәсімдерден өту үшін жүргізушілер бірнеше сағат емес, тәуліктеп күтуге мәжбүр. Бұл жағдай кәсіпкерлерді шығынға батырып отыр.
ГҮЛНҰР ЕСЕНҚҰЛОВА, ЖҮК ТАСЫМАЛДАУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біріншіден жүктің кешігуі. Екіншіден бізде мәселе-тауар уақытында жетпейді. Бізде Қазақстан транзиттік мемлекет болып саналады, сондықтан Өзбекстан, Қырғызстан, басқа Түркістан, Түркияға баратын мемлекеттердің водительдері олар да тұрады, жүргізушілері олар да тұрады. Сондықтан біріншіден транзит біздің Қазақстанды тұрғызып қояды да, біріншіден басқа мемлекеттің жүргізушілерін өткізеді да, потом біздікін өткізеді.
Кептелістің негізгі себебі - екі ел арасындағы өткізу қабілетінің сәйкес келмеуі. Қазақстан тарапында 8 қозғалыс жолағы болса, Ресей жағында небәрі 2 жолақ қана бар. Соның салдарынан көлік ағыны тежеліп, кезек күн санап ұзарып жатыр.
ЖҰЛДЫЗ МАХАМБЕТЖАНОВА, «АТАМЕКЕН» КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАСЫ АОФ САРАПШЫСЫ:
Мәртөк ауданы әкімдігі Қаранар транс инвесторына 11 ГА жер бөлген болатын. Жалпы жобаның қызметі, жоба бойынша жұмыстары 2025 жылы басталды. 4 ГА жерді аяқтау 2026 жылдың күз айында аяқтау жоспарланып отыр.
«Жайсан» мен «Сагарчин» арасындағы бейтарап аймақта да қозғалыс шектелген. Мамандар түйткілді тек мемлекетаралық деңгейде шешуге болатынын айтады.