Елімізде балалар арасындағы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылуы көп. Тек церебральды сал ауруына шалдыққандар саны 18 мыңнан асқан. Аутизм диагнозы қойылатын бүлдіршіндер де жыл сайын көбеюде. Мұның себебі неде? Әріптесім Айғаным Тұрысбек тарқатады.
Әсемгүл Қожанова ұлы Бақтиярды емдету үшін 9 жылдан бері Оралдан Астанаға сабылып жүр. Баласының қатарға қосылуы үшін бір күнді де бос өткізуге болмайды. Мемлекет ұсынатын тегін оңалту шаралары жылына бір-ақ рет. Қалған уақытта ата-аналар өз қалтасынан төлеуге немесе кезек күтуге мәжбүр.
ӘСЕМГҮЛ ҚОЖАНОВА, АТА-АНА:
Бұл диагнозды 11 айында қойды бізге. Біздер 4 жасынан бастап орталықтарға келіп, реабилитация алып бастадық. Квота бойынша жылына 1 рет беріледі. 2-3 берсе одан да жақсы ғой.
Мамандардың айтуынша, церебральды сал ауруы мидың зақымдануынан болады. Толық жазылмайды, бірақ тұрақты күтімді қажет ететін дерт.
ӘЙГЕРІМ АМАНЖОЛ, ҰЛТТЫҚ БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ НЕВРОЛОГ-ДӘРІГЕРІ:
Церебральды сал ауруы ол бала кезінен миы зақымдалған ауру ғой. Сол себептен емделеді деп айта алмаймыз. Бірақ баланың жағдайын жақсартамыз, үйретеміз. Мысалы, басын ұстау, жүру, сөйлеуін бәрін.
Соңғы жылдары аутизм диагнозының да көрсеткіші өскен. Әлемдік статистика бойынша әрбір 100 баланың бірінде ауытқу бар.
АЛТЫН ЫСҚАҚОВА, ҰЛТТЫҚ БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ НЕВРОЛОГ-ДӘРІГЕРІ:
Көп балаларда ерте белгілері болады. Мысалы, көзге қарамау, атына қарамау, коммуникациясының бұзылуы. Сол пациенттерді біз іріктеп, психиатр маманына көрсетеміз. Психиатр маманы толық осмотр жасап, сол детский аутизм деген диагнозды қояды. Баланың зрительний контакты келгенде 3 сек болса кетерде 7-10 сек барады.
Аутизмнің нақты емі табылмағанымен, 3 жасқа дейін жасалған диагностика мен терапия баланың өз бетінше өмір сүруіне мүмкіндік береді.
ЖАННА БОЛАТҚЫЗЫ, АТА-АНА:
Қызым Малика 1 жасынан бастап осында келеді. Жылына бір рет квотамен қалған кезде ақылы түрде. Ешқандай айырмашылығы жоқ. Қызым осында жүзуді үйренді. Олимпиадалық резервке енді.
Қазіргі таңда оңалту орталықтары мен білікті мамандарға деген сұраныс жоғары. Дәрігерлер бала дамуындағы кез келген ауытқуға бей-жай қарамауды ескертеді. Тек уақытылы жасалған әрекет қана ерекше бүлдіршіндердің қоғамнан оқшауланбауына кепіл болады.