Қазақстан мен Сербия серіктестігі жаңа деңгейде дамиды

Қазақстан мен Сербия жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, энергетика және құрылыс салаларында бірлесе жұмыс істейтін болды. Мұндай уағдаластыққа Александр Вучичтің Астанаға ресми сапарында қол жеткізілді. Тараптар тағы қай бағытта ортақ мүддеге ие? Ақордадан Айсәуле Съезбек тарқатсын.

Сербия президенті Александр Вучич Қазақстанға соңғы рет осыдан 8 жыл бұрын келген. Бұл жолғы ресми сапары айырықша символдық кезеңге тұспа-тұс тарыды.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Қазақстан мен Сербияның дипломатиялық байланысына биыл 30 жыл. Осы уақыт аралығында екі жақты барыс-келіс толастаған емес. Қазақстан президенттері Белградқа екі мәрте сапарлады. Ал Сербия басшыларының бұл елімізге бесінші рет келуі. Астана мен Белград бүгінде түрлі сала бойынша серіктес. Мемлекет басшыларының мұндай кездесулері ынтымақтастық деңгейін одан сайын тереңдетуге бағытталған.

Мәртебелі мейманды Ақордада салтанатты қарсы алған соң, екі ел президенті келіссөз өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық серіктесі екенін атап айтты. Екі елдің парламентаралық байланысы белсенді. Былтырдан бері Астана- Белград бағытында тікелей әуе рейсі қатынайды. Тауар айналымы былтыр 107 млн АҚШ долларынан асты. Ал экспорт көлемі бір жылда 80 процентке артты. Бүгінде 60-қа жуық серб компаниясы елімізде табысты жұмыс істеп тұр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Барлық деңгейде белсенді саяси диалог дамып келе жатыр. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық нығайып келеді. Көпжақты құрылымдар аясындағы байланысымыз күшейе түсті.

Тараптар көлік-логистика саласында байланысты кеңейту жайлы кеңесті. Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек. Еркін сауда келісімін толыққанды жүзеге асыру үшін жүк тасымалдайтын жаңа бағыттар ашу аса маңызды. Бұны алда тиісті министрліктер бірлесе айқындайды.  Ал энергетика саласы бойынша Қазақстан Сербияға 1 тоннаға дейін мұнай өнімдерін жөнелтеді.

НҰРЛАН ЖАҚЫПОВ, «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:  

Сербия мен біз Самұрық-Қазына тобы энергетика саласында жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан Сербия еліне қараша айынан бастап, қаңтар айына дейін 26 мың тонна мұнай продукт жіберілген. Бұл жалпы Сербия сұранысының 15 пайызын құрайды. Одан басқа біз логистика, транспорт саласында ынтымақтастығымыз бар.

Белград пен Астана арасындағы көпжақты байланыстың жаңа кезеңі басталды.  Александр Вучич қазақстандық бизнес өкілдерін Сербия нарығына шақырды. Әсіресе, құрылыс индустриясындағы бірлескен жобаларға басымдық беріп, қазақстандық компаниялардың тәжірибесі мен капиталын пайдалануға мүдделі екенін ашық мәлімдеді. Әрі Дубайда жеңіске жеткен қазақстандық арнайы жасақ командасының шеберлігіне тәнті болғанын жеткізді. Осы орайда ол Қасым-Жомарт Тоқаевтан серб командасын даярлауға қолғабыс етуін сұрады.

АЛЕКСАНДР ВУЧИЧ, СЕРБИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Қазақстан ұсынған бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға әзірміз. Бұл Сербияда ғана емес, Еуропаның аталған аймағындағы маңдайалды жобалар болмақ. Сондай-ақ қазақстандық SCAT компаниясына әуе кеңістігінде бесінші деңгейлі еркіндік беру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Ортақ іс-қимыл арқылы аталған мәселені шеше алатынымызға сенімдімін.

Сербия да Қазақстан секілді сыртқы саясатта көпвекторлықты ұстанады. Сондықтан Батыс пен Шығыс арасындағы тепе-теңдікті сақтаудағы беделі ерекше. Қазақстанмен де нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымыз да жыл өткен сайын тереңдеп келеді. Мемлекет басшысы Сербия президентінің бұл орайда қосқан үлесін жоғары бағалап, Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасы «Алтын қыран» орденімен марапаттады.

Келер жылы Сербия ЭКПО көрмесін өткізеді. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесіне сәттілік тілеп, тәжірибе бөлісуге дайын екенін айтты. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел басшысы Бірлескен мәлімдеме қабылдап, стратегиялық байланысты жандандыруға уағдаласты.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Сербия – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Балқандағы сенімді серіктесі. Еліміз Белград арқылы Еуропаға экспорттық маршруттарды әртараптандыруды көздейді. Екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру үшін ауылшаруашылығы, энергетика, металлургия, фармацевтика, және IT салалары жолға қойылып отыр. Бүгінгі ресми сапар аясында екі елдің  кәсіпкерлері бизнес-форумда бас қосады. Яғни, тараптар ортақ жоба санын арттырып, саяси-экономикалық байланысты нығайта түсуге мүдделі.