Елімізде бағалы қағаздар нарығы жаңа қарқынмен дамымақ. Қаржы нарығына қатысты жаңа заң жобасы мен 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленуде. Жаңа реформаның басты мақсаты - халықтың биржаға сенімін арттырып, инвестиция салуды барынша жеңілдету. Сондай-ақ, биыл жыл соңына дейін инвесторлардың құқығын қорғайтын жаңа заң қабылданбақ. Бұл құжат қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлер үшін биржа есігін айқара ашуға тиіс.
АЙДЫН ДӘУЛЕТБАҚ, БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Реформаның басты назарын институционалдық инвесторларды дамытуға аударамыз. Өйткені дәл осы сектор кез-келген тұрақты әрі өтімді қор нарығының негізін құрайды.
Сонымен қатар, енді биржада заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдер көбейеді. Бұл дегеніміз - кез келген қазақстандық үшін акция сатып алу немесе қаржысын көбейту бұрынғыдан да оңай әрі қауіпсіз болмақ. Қазақстандық қор биржасы да бұл процеске сақадай сай отыр.
ӘДІЛ МҰХАМЕДЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ҚОР БИРЖАСЫ» АҚ-ТЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Жаңа заң нарық қатысушыларына жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Ең бастысы – Қазақстан экономикасының дамуына қосымша серпін береді. Біз, қазақстандық қор биржасы ретінде, бұл процеске белсенді түрде қатысуға дайынбыз.