Елордалық оқушылар «Соңғы аялдама» қойылымын көріп қайтты

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2026

Қылмыстың соңы жақсылықпен аяқталмайды. 300 Елордалық оқушы Жастар театрынан осындай ой түйіп қайтты. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасының аясында «Соңғы аялдама» қойылымы сахналанды. Елімізге белгілі актерлер жас көрерменге есірткіге жақындаудың салдарын суреттеді.

Қылмыстық жолмен тапқан ақша және бір сәттік ләзаттың арты қашан да қайғы-қасіретпен, жазамен аяқталады. Соңғы аялдама пьесасы 90-ы жылдары жазылғанымен, өзектілігін жоғалтпады, - дейді белгілі актер Ернұр Жұматаев.

ЕРНҰР ЖҰМАТАЕВ, ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:

Айтқан сөздері: «Байлық та болды, барлығы болды, бірақ, қадірі болмады». Адам өзінің нәпсісіне беріліп, жеңіл жолды таңдағандар туралы.

Қалалық әкімдікпен қатар, прокуратура да осындай игі істі атқаруға бастамашыл болды. Себебі, қылмыспен күресте жазалау ғана емес, келер ұрпақ арасында профилактиканың маңызы асып түспесе, кем емес, - дейді қала прокурорының көмекшісі Әйгерім Өмірзақова.

ӘЙГЕРІМ ӨМІРЗАҚОВА, ҚАЛА ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:

Сахна өнері, біздің ойымызша балалардың жүрегінен орын алды. Жасөспірімдер қылмыстың арты жаза екенін білмеуі де мүмкін. Бірақ, актерлердің шеберлігі рухани демалысты, үгіт-насихатпен ұштастыра алғанына күмәніміз жоқ.

Қойылымнан ерекше әсер алған оқушылардың бірі Руслан Жұмабайдың айтуынша, қылмыс атаулымен қоғам болып күресу керек деген ой түйіпті.

РУСЛАН ЖҰМАБАЙ, ОҚУШЫ:

Адамда қалыптасатын ой болады. Бүгінгі тақыврып «Заң және тәртіп» болғандықтан, менің өзім күнделікті істеп жүрген әрекеттерім дұрыс па деп те ойланып қалдым.

Спектакль соңында жас көрермендер прокуратура және полиция қызметкерлерімен және сахна саңлақтарымен әңгімелесті.