Азаттық дегеніміз - азаматтардың құқықтарының қорғалуы - Айдос Сарым

фото скрин

Партияаралық диалогта Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ұлттық кодтың сақталуы ел тәуелсіздігі үшін маңызды екенін айтты.

Дәл қазір «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» атты партияаралық диалогы өтіп жатыр.

Партияаралық диалогта Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ұлттық кодтың сақталуы ел тәуелсізідгі үшін маңызды екенін айтты.

«Азат елге – азат азаматтар қажет. Құқықтарын білетін, оны қорғай алатын, елін қорғап, салығын адал төлейтін азаматтар ғана әділетті қоғам қалыптастырады», – деді ол.

Депутаттың пікірінше, азаматтардың құқықтарын қорғау, соттар мен мемлекеттік органдарда олардың мүддесін қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі.

Сондай-ақ ол ұлттық болмысты сақтау мәселесіне тоқталды. Жаһандану жағдайында ұлттық кодты, тіл мен дәстүрді қорғау – тәуелсіздіктің кепілі екенін айтты. Айдос Сарымның сөзінше, Конституцияның преамбуласынан бастап негізгі баптарына дейін ұлттық тарих, тіл мен рухани құндылықтар көрініс тапқан.

Бұдан бөлек, депутат жаңа Конституцияда болашақ бағдарға басымдық берілгенін жеткізді. Атап айтқанда, инновация, білім және ғылым мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары ретінде айқындалған. Сонымен қатар цифрлық құқықтар алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін айтты.

«Бізге мұнайға ғана сүйенген емес, адам капиталына негізделген экономика қажет. Жаңа дәуірдегі бәсекелестік әскери күшпен емес, біліммен, инновациямен және ашықтықпен өлшенеді», – деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, Конституцияда азаматтардың мүлкіне, кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігіне және жеке бас бостандығына қатысты кепілдіктер нақты көрсетілген.