Курьерлік жеткізу кезіндегі алаяқтық: полиция кәсіпкерлерге ескерту жасады

Polisia.kz

Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция қызметкерлері ұялы телефондар, гаджеттер және өзге де цифрлық техниканы сатумен айналысатын кәсіпкерлермен профилактикалық кездесулер өткізуде.

Бұл іс-шаралар курьерлік жеткізу барысында тіркелген алаяқтық деректерінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Полиция мәліметінше кейбір курьерлер қымбат техниканы жеткізуге тапсырыс алғанымен, оны нақты тапсырыс берушіге жеткізбей, иемденіп, ізін жасырып кету арқылы кәсіпкерлерге елеулі материалдық шығын келтіруде. Осыған байланысты Алмалы аудандық полиция басқармасы қызметкерлері сауда орындары мен сервистік орталықтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлерге курьерлердің жеке деректерін мұқият тексерудің, жеткізу қызметінің ресми түрде рәсімделгеніне көз жеткізудің маңыздылығын ескертуде. Басқарма бастығы Мақсат Пшан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін полиция мен кәсіпкерлер арасындағы өзара ынтымақтастықтың ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

- Тәжірибеде алаяқтардың курьерлік жеткізу жүйесін пайдаланып, қымбат гаджеттерді заңсыз иемдену жағдайлары кездесуде. Осыған байланысты кәсіпкерлерді курьерлердің жеке мәліметтерін мұқият тексеруге, тауарды беру процесін тіркеуге және тек сенімді жеткізу қызметтерімен жұмыс істеуге шақырамыз. Бұл сақтық шаралары материалдық шығынның алдын алып, іскерлік беделді қорғауға мүмкіндік береді, — деді ол.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері тауарды тапсыру сәтін бейнежазбаға тіркеуді, тапсырысқа қатысты барлық деректерді сақтауды және күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуды ұсынады. Аудан аумағында кәсіпкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.