Иран билігі АҚШ және Израильмен соңына дейін күресетінін мәлімдеді

Соғыс әлі 4 аптаға жалғасады. Трамп осылай дейді. Осы аралықта үздіксіз шабуыл жасауға күші жететінін айтты.  Ал, Ислам республикасы АҚШ және Израильмен соңына дейін соғысамыз, - деп отыр.  

Израиль Аятолла Али Хаменеидің резиденциясына жасалған шабуылдың видеосын жариялады. Бір сәтте ұшақтар Иранның бас көсемінің сарайына 30 зымыран жіберген. Артынша, Иран Израильге қарымта шабуыл жасады. Тель-Авив, Иерусалим секілді ірі қалалар бір сәтте дрондармен күресуге мәжбүр. Әуе Қорғанысы Күштерінің қызу жұмысына қарамастан, бір израильдік азамат көз жұмды.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Аятолла өлді. 35 жыл бойы бұл адам Израильге қарсы өшпенділікті таратып келді. Біздің көрші елдердің ішінде лаңкестік ұйымдар құрды. Өз халқын да оңдырған жоқ. Бейбіт ирандықтардың өзін қанға бояды. Ең сорақысы, ядролық қару жасап, бүкіл әлемге қауіп төндіре жаздады. Осының барлығының алдын алып, оны өлтіргенімізге қалай қуанбаймыз?

Иран басшысын өлтіріп, бірқатар саяси және әскербасылардың көзін жоюда АҚШ жетекші рөл атқарды. Су жаңа ұшақтармен ядролық нысандар және әскери базаларды бір мезетте шабуылдаған АҚШ әрекетін мақтайтындар да, даттайтындар да бар. Атап айтсақ, АҚШ және Еуропадағы шыққан тегі ирандық азаматтар Трампқа алғыс жаудырып, қуаныштарын жеткізуде. Бірақ, Иранның өзінде халық көшеге шығып, аза тұтуын тоқтатар емес. Пәкістанда, тіпті, наразы жұрт АҚШ елшілігіне шабуыл жасады. Атыс болып, 9 адам қаза тапты. Айта кетейік,  қаза тапқан америкалықтар да бар.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірер күн ішінде әлемде бұрын-соңды болмаған ауқымды шабуыл жасадық. 100 нысананы жермен-жексен еттік. 9 кемені санаулы минуттарда суға батырдық. Әскербасылар маған 3 америкалық сарбаздың өлімі туралы қаралы хабарды жеткізді. Ерлікпен қаза тапқан ұлдарымыз туралы естіп, қабырғамыз қайысты. Бүкіл АҚШ болып олар үшін кек аламыз. Біздің ашу-ызамыз қалай болатынын көрсетеміз.

Америка бізді екінші рет кеңпейілдігіміз үшін өкіндірді. Енді біз олармен мүлдем сөйлеспейміз. Соғысты соңына дейін жалғастырамыз, - дейді Иран Сыртқы Істер Министрі Аббас Аракчи.

АББАС АРАКЧИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Біз әрқашан дипломатиялық жолды таңдайтын мемлекет болдық. Алдыңғы жұмаға дейін Женевада жақсы келіссөздер жүріп жатыр деп ойладық. АҚШ-қа өте жақсы ұсыныстар жасадық. Бірақ, Олар осымен екінші рет келіссөз жүргізіп, бізді алдап, шабуыл жасады. Израиль мен АҚШ нағыз алаяқтықтың шырқау шегін көрсетті. Біз енді осы соғысты тоқтатпаймыз. Израильдің көзін жойып, Американы тізе бүктіргенше күресеміз.

Өткен жұма Ауғанстан мен Пәкістан арасында да үлкен соғыс басталып кетті. Бастапқыда шекарадағы қарапайым атыс, үлкен ұрысқа әкеліп соқты. Қазір тараптар артиллерия мен ұшақтарды пайдалануда. Қазір 415 ауғанстандық және 80 пәкістандық қаза тапты деген ақпарат таратылуда.