Куәлік алу қиындайды: Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді даярлаудың жаңа қатаң ережелерін бекітті

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2026

Енді жүргізуші куәлігін алу қиындайды. Талап түбегейлі өзгеріп, енді «өзім оқып тапсырамын» деген ескі әдіске ресми түрде тыйым салынады. Ішкі істер министрлігі іске қосқан цифрлық жүйе курсанттың әр сабағын биометрия арқылы бақылап, жалған дипломдардың жолын біржола кеспек. Бұл қадам жол қауіпсіздігін нығайтқанымен, оқу орталықтарындағы қызмет құнының күрт өсуіне себеп болуы мүмкін. Жаңа тәртіп автомектептегі оқу курсының сапасы мен бағасына қалай әсер етеді? Толығырақ Үсен Астана айтсын.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Бұрын тұлпар тізгіндеу үшін тест жаттап, автодромға бір барып, көлік жүргізу куәлігіне қол жеткізе салатын едік. Алайда, ол заман келмеске кетті. Енді жүргізуші куәлігін алудың талабы тас түйін болмақ. Онлайн оқып, үйден шықпай куәлік алу  ағайын үшін орындалмас арманға айналды. Себебі, бұдан былай автомектептің табалдырығын тоздырып, арнайы дайындықтан өту міндет. Тәртіп күшейді, талап қатайды.

Бұдан былай жүргізуші куәлігін алудың заңдылығын қағаз емес, қатаң цифрлық алгоритм айқындайды. Ішкі істер министрлігі «автомектеп» жүйесін іске қосып, оқу процесін толықтай электронды форматқа көшірді. Бұл- емтиханға дейін «дайын диплом» сатып алу жолын кесетін басты тосқауыл. Құзырлы органның мәліметінше, жаңа жүйе мемлекеттік базамен тікелей интеграцияланған. Демек, курсанттың сабаққа қатысуы мен оқу үлгерімі енді экран арқылы қадағаланбақ.

АҚТОТЫ БОРАНОВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Ішкі істер министрлігі «Автомектеп» ақпараттық жүйесін әзірледі. Осыған байланысты автомектептерде оқу курстарын аяқтау туралы куәліктер электрондық форматқа ауыстырылды. Нәтижесінде оқытусыз, қысқа мерзімде куәлік беру және оларды қолдан жасау мүмкіндігі жойылды.«Автомектеп» ақпараттық жүйесі Ішкі істер министрлігінің есебінде тұрған мемлекеттік ақпараттық жүйе болып табылады. Сонымен қатар, Smart Bridge платформасында жарияланған «Автомектеп» ақпараттық жүйесінің интеграциялық сервисі жалпыға қолжетімді.

Цифрлық бақылау «көлеңкелі нарыққа» берілген соққы болды. Алайда, оқу процесінің ашық болуы автомектептердің мойнына жаңа қаржылық жүктеме артты. Енді әрбір мектеп базамен интеграциялану үшін биометриялық құрылғылар орнатып, техникалық паркін заманауи талапқа сай жаңартуға міндетті. Бұл  оқу орталықтары үшін қосымша шығын, ал курсанттар үшін қалтаға салмақ салуы мүмкін.

САРДАРБЕК ШАРАПОВ, АВТОМЕКТЕП БАСШЫСЫ:

Бағаның тұрақтылығы куәлік сататын немесе заңды түрде оқытатын автомектептердің қызметіне тікелей байланысты. Егер барлық мектептер бірдей талаппен, сапалы оқыту жүргізсе, баға да тұрақты болады.

Ал егер куәлікті оқытусыз сататын жағдайлар орын алса, нарықтағы баға тепе-теңдігі бұзылады: бірде төмендеп, кейін күрт қымбаттап кетеді. Яғни баға бір рет арзандаса, кейін екі есе өсіп, тұрақсыздық қалыптасады. Мұндай жағдайда ортақ балансты сақтау мүмкін емес.

Тәртіптің қатайғаны  қауіпсіздік үшін маңызды, бірақ бұл өзгерістер халықтың көңілінен шықты ма? Куәлік алудың қиындағаны мен цифрлық бақылауға тұрғындар не дейді?

БЛИЦ:

- Если барлығын цифрландыратын болсақ, онда корупциялық жүйенің бәрі тоқтайды деп ойлаймын.

- Права алып беру керек халыққа, сонда бәрі жақсы дұрыс болады.

- Кәмелетке толғанның бәрі ала береді, негізі куәлікті ақыл тоқтатып алуы керек.

Ресми органның цифрлық бақылауы мен автомектептердің баға саясаты жол қауіпсіздігін жаңа деңгейге шығарудың басты тетігі болмақ. Бұл жүйе тек қағазбастылықты жойып қана қоймай, куәлік алғысы келетін әрбір азаматтың ішкі жауапкершілігін сынға салады.