18 бен 24 жас аралығындағы қыздар сталкингке жиі ұшырайды

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2026

18 бен 24 жас аралығындағы қыздар сталкингке жиі ұшырайды. Заң бұзушылық көбіне қыз бен жігіттің арасындағы қарым-қатынас пен отбасылық жағдайларға байланысты болады. Бұл туралы  Алматыда  өткен «STOP СТАЛКИНГ» қалалық форумында айтылды.  Іс-шарада қазір қоғамдағы өзекті мәселенің бірі сталкинг-тің алдын алу жайы талқыланды. Сондай-ақ жаңа құқықтық нормалар түсіндірілді. Енді адамның еркінен тыс ізін аңдып, зерттеулер жүргізіп, мазасын алып, қорқытқандар заңды түрде жауапқа тартылады.  Биыл екі айда сталкинг бойынша 11 іс тіркелген.

АЙТАН ЕЛЕУСІЗОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Оның алтауы сотқа жіберіліп, яғни құқық бұзушылар сотталды. Қалған бесеуі енді соттың қарамағында қазіргі таңда. Осы сотталған азаматтардың төртеуіне 100 сағаттық қоғамдық жұмыстар белгіленген. Біреуі 25 тәуліктік мерзімге қамауға алынған.

САИДА ТАУКЕЛЕВА, ЗАҢГЕР:

Біздің адвокаттарымыз бен заңгерлеріміз Алматы қаласының Полиция департаменті қызметкерлерімен бірге осы бапты қолдану мәселелері бойынша түрлі ақпараттық түсіндіру жұмыстарына да қатысады. Менің ойымша, бұл бірлескен жұмыс аталған бап бойынша қылмыстық іс қозғау кезінде ескерілуі тиіс негізгі басымдықтарды нақты әрі көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алдағы уақытта оны тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді.