Маңғыстау облысында ондаған жылдар бойы өзекті болып келген ауыз су тапшылығы мәселесі толық шешілді. Бұл туралы «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өңір тұрғындарымен кездесуінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты. Мемлекет басшысы алты жыл бұрын өңірді дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырып, оның орындалуын жеке бақылауына алған. Соның нәтижесінде Каспий су тұщыту қондырғысының қуаты артып, Түпқараған, Кендірлі және Жетібайда жаңа нысандар іске қосылды. Сонымен қатар өңірде электр қуатының үзілуі тоқтап, Жаңаөзенде гибридті электр станциясы іске қосылды, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты жаңғыртылып, жылу және электр желілері жөнделуде.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:
Осы қадамдардың өзегінде – әділеттілік, теңдік пен бірлік идеясы тұр. Заң мен тәртіп соның берік іргесі болып қалануда. Бұл қоғамның санасына серпіліс берген басты құндылықтарымызға, негізгі қағидаттарымызға айналып келе жатыр. Жаңа Ата заң – осы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы, түпкі түйіні. Ең негізгісі, мұның бәрі – халықтың сұранысынан туындап отыр. Сондықтан елдің болашағына бағытталған баптар, преамбулада көрініс тапқан құндылықтар, халықтың қалауынан туған қағидаттар – бәрі Президенттің жүрегінен шықты деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституцияда Мемлекет басшысының жылдар бойғы ой-толғамдары халықтың үнімен үндесіп жатыр.
Өңірде әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуда. Соңғы екі жылда «Келешек мектептері» жобасымен 13 мектеп салынды, Жаңаөзенде Оқушылар сарайы, Ақтауда халықаралық стандарттағы мұз айдыны ашылды. Облыс орталығында көпфункционалды жедел жәрдем орталығы, Мұнайлы ауданында көпсалалы аурухана іске қосылды. Алдағы алты жылда құны 10 триллион теңге болатын 55 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Кездесуде жаңа Конституция жобасының әділеттілік, заң үстемдігі және адам капиталына басымдық беру қағидаттары талқыланып, қатысушылар «Әділетті Қазақстан» бастамасын қолдайтындарын жеткізді.
АРҒЫНБЕК ҚАЛБАЕВ, «ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ» АҚ СЫРТҚЫ ЖӘНЕ ІШКІ КОММУНИКАЦИЯ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:
Көптеген өзгерістердің болып жатқанын көріп жатырмыз. Үшінші баптағы екінші тармақтағы адам капиталы, ғылым мен білімді көтеру салаларындағы осы басымдықтар шынында да елдің ертеңі үшін, елдің мүддесі үшін беретін тұстары өте көп. Референдум -бұл нағыз халықтың шынайы үнін еститін негізгі алаң. Сондықтан бұл бастамалардың барлығы оңды деп есептейміз.
ДАРЖОҚ СЕЙБАҒЫТОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ:
Келешектегі біздің дамуымызға байланысты үлкен өзгерістер бар біздің конституциямызда. Ол керек зат. Сол керек болуына байланысты істелініп жатқан үлкен шаруа. Ішінде көптеген өзгерістер бар. Әсіресе, халыққа жақын болу, демократия, елдің өзін-өзі билеуі, халықтың алдында басшы орындардың есеп беруі, сайлануы заң мемлекет және халықтың өзінің правасы жөнінде анық көрсетілген.
МАҚСАТГҮЛ ЖАМАНҚҰЛОВА, «ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ» АҚ №1 МҰНАЙГАЗӨНДІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЦЕХ ЖҰМЫСШЫСЫ:
Жаңа конституцияда жазылған балаларға ата-анасының жағдайын жасау керек. Қарттар үйіне апармаудың жолын іздеу керек. Айналып келгенде ол бала ертең отбасын құрметтейді. Одан жан-жағын құрметтейді, ел үшін қызмет істейді, елдің тыныштығын, дамуына көп үлес қосады деп ойлаймын.