Алматыда Алғыс айту күніне орай «ALGYS FEST» қалалық фестивалі өтті. Мерекелік шараға шамамен 5 мыңға жуық қала тұрғындары мен қонақтар, қоғамдық белсенділер мен жастар қатысты. Ұйымдастырушылар Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын ерекше форматта түсіндіруді алғыс айту күнімен ұштастырды. Фестиваль ашық диалог алаңына айналып, бұл құжаттың басты мақсаты әділетті, дамыған әрі біртұтас Қазақстан құру екені атап өтілді.
ДИДАРБЕК ДІЛДАБЕК, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ “ЖАСТАР РУХЫ” ЖҚ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Өзіміздің коалициямыздың негізгі жұмысының барысында да айтқан болатынбыз. Әртүрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылады деп. Кіші шарадан бастап, үлкен форматтағы шараларға дейін. Бұл дүниелердің барлығы біздің халқымызға дәл осы конституциялық өзгерістерді жақсы көңіл күйде, басқаша форматта жеткізудің негізгі бір алғышарттарының бірі деп айтуға толық негіз бар.
Отандық эстрада жұлдыздары мен өнер ұжымдары жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Фестиваль мерекелік атмосферада өтіп, қазақстандықтардың елдегі өзгерістерге бейжай қарамайтынын аңғартты.
БАТЫРХАН АНАРА, АКТРИСА, ӘНШІ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:
Бүгінгі күн мен үшін және көп адамдар үшін үлкен мотивация деп ойлаймын, себебі біз кейде алғыс айтуды ұмытып кетеміз, бір бірімізге жақсы сөздер айтуды ұмытып кетеміз. Сол үшін бүгінгі мейрам келесі жылға дейін тынбастан бір бірімізге рахмет айту күні болады деген үміттемін.
ТҰРДАЛЫ НҰРГҮЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бізге өте қатты ұнап жатыр шынымен концерт. Өйткені осындай энергия, осындай мерекеде көктемнің алғашқы күнінде бізге осындай күшті энергия беріп, көктемнің әдемі басталуына өз септігін тигізіп жатыр.