Трамп: «Соғысты мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отырмыз»

Таяу Шығыстағы ахуал шешілудің орнына шиеленісе түсті. Трамптың айтуынша, АҚШ керемет нәтижеге жетіп жатыр. Сондықтан, өздері ойлағаннан әлдеқайда ерте аяқтауы мүмкін. Иран Биньямин Нетаньяхудың кеңсесіне шабуыл жасағаннан кейін, Израиль Премьер-министрі Ираннан бүкіл әлемді қорғаймын, - деді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио болса, Иран халқына бар жағдайды жасап беретінін айтты. 

Иран қаншалықты мықты болса да, тізе бүктіреміз. Трамп әскерилер алдында сөз сөйлегенде осылай деді. АҚШ Президенті Кувейтте қаза болған 3 сарбаздың денесін қарсы алып, соңғы сапарға шығарып салуға да қатысты. Айта кетейік, күні кеше Иран билігі маған келіссөз жүргізейік деп жалынды деген еді. Қазір, АҚШ Ф-15 ұшақтарының кейбірі апатқа ұшырағандықтан, асығыс түрде, заманауи ұшақтарды жіберіп, соққыны күшейтейін деп жатқаны туралы да хабарланды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің әр күнге қойған мақсаттарымыз, мерзімінен бұрын орындалып жатыр. Иранның билігіндегі жоғары лауазымды 48 адамның көзін жойдық. Бұл, операцияны 4 аптаға ұзатпай-ақ бітіріп қалуымыз мүмкін. Олай деуімнің себебі, біз үлкен соққылар жоспарлағанбыз. Олардың кезегі енді келе жатыр. Иран билігінің күл-талқанын шығарамыз.

Израиль Иранмен қатар Ливанның түгін қалдырмай бомбылап жатыр. Тек Хезболланың нысандары ғана емес, ел астанасы Бейруттегі бейбіт тұрғындар да зардап шекті. Жауап ретінде Иран кеше Израиль Премьер-министрінің кеңсесіне шабуыл жасаған. Шошыған жұрт үйінді астынан Биньямин Нетаньяхудың денесін іздеп кетті. Расымен, соққы кезінде Премьер-министр кеңседе болған, бірақ тірі қалды.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Иран тек бізге емес, бүкіл әлемге қауіп төндіріп отыр. Өздеріңіз де куә болған шығарсыздар. Қазір жалғыз баллистикалық зымыранның өзімен осынша зиян келтірді. Құрлықаралық зымыран мен ядролық қару қолдарына түссе, сұмдықтың көкесі болады. Сондықтан, Президент Трамп екеуіміз бүкіл әлемді өз күшімізбен қорғап отырмыз. Бірер күнде тәулікте 1000 нысан жою жоспарын жүзеге асырамыз.

Айта кетейік, АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет құрлық әскерін кіргізбей-ақ, жалғыз ұшақ жне зымырандармен Иранды жеңу жоспарын айтты. Ал, бұның түпкі мақсатын Мемлекеттік хатшы Марко Рубио түсіндірді.

МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Иранның күштік құрылымдарының ғимараттары, тіпті, баскесерлер орналасқан нысандарға дейін жойып жатырмыз. Бірақ, 200 мың әскер кіргізуді жөнсіз деп ойлап отырмыз. Себебі, Иран халқына жағдай жасап береміз. Олар билікті өздері басып алуы тиіс. Әлбетте, режимді ауыстыру – біздің басты мақсатымыз.

Иран жазда өтетін футболдан Әлем чемпионатына қатыспауы мүмкін. Ислам республикасы Азия конфедерациясындағы іріктеуден өтіп, финалдық кезеңге жолдама алып қойған еді. Елде келер мундиаль туралы нақты шешім жоқ. Дегенмен, Иранның жоспарланған бүкіл топтық ойындары АҚШ аумағында өтуі тиіс. Сондықтан, визаны да АҚШ Мемлекеттік департаменті береді.