Алматыда түзету орталығының мамандары ерекше балаларды ұрып, қинаған

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2026

Алматыда түзету орталығының мамандары ерекше балаларды ұрып, қинаған. Әлеуметтік желіде жаттықтырушының бүлдіршіннің қолын қайырып, кейін жерге лақтырып жіберген бейнежазбасы тарады. Бала жылап, босап шығуға тырысқан. Ал қызметкер бұл әрекетін массаждың бір түрі деп ақталыпты.  Ата-аналар бұл іске қатысты шара қабылдауды талап етуде.

Бұл бейнежазбаны Даниялдың ата-анасына өзге бір ата-ана жасырын түрде түсіріп жіберген. Екі жыл бойы ұлымен жұмыс істеген ЛФК жаттықтырушысы Бақытқа мүлде басқа қырынан көрінген. Күйеуімен бірге орталыққа барған ол  толық бейнежазбаны талап еткен. Камераларға қол жеткізгенде, мұндай жағдайлардың үнемі әрі одан да өрескел түрде қайталанып отырғанын көріп,  есеңгіреп қалыпты.

БАҚЫТ ҚАЛЫМОВА, АТА-АНА:               

Ол баланы 1 сағат бойы қинаған. Жалаң аяқ жүреді ғой, сол жалаң аяқ аяғынан таяқпен ұрады. Аяғының саусақтарынан қайта-қайта ұрды. Ол бірнеше рет болды, он шақты рет болған шығар даже одан көп болмаса. Одан кейін алады да дұрыс әкеле алмай бала қорқып тұрса басынан былай таяқпен алып қайта-қайта ұрып-ұрып жібереді тез-тез.

Басқа ата-аналардың да шағымы бар.  Орталық қызметкерлері ерекше балаларды үнемі ұрып-соғады дейді. Олардың айтуынша, мұндай дерек бірнеше рет болған. Бұған қоса, біздің келісімізсіз балаларды тікелей эфирде көрсетеді деп шағымданады.

АЛИЯ АЛИМБАЕВА, ТҮЗЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Оның сертификаттары бар. Біздің мекемеде жұмыс істеп жатқанына 3 жыл болды. Бұндай әрекетін бұрын байқамаппыз. Мен оған тапсырма беретінмін, ол орындайтын. Өзім де жаттығу бөлмесінде жүретінмін. Бейнежазбаны көрген соң оны сол күні-ақ жұмыстан шығардым.

Ата-аналар шағымы негізінде қылмыстық іс қозғалған.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі таңда қылмыстық кодекстің 140-бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Енді объективті мән-жайлар міндетті түрде анықталатын болады. Бұл қылмыстыққа жол берген және себеп-салдар және факторлар анықталып міндетті түрде шаралар қабылданатын болады.

Дәл осындай жағдай Астанадағы орталығында да болған. Баланы матаға орап талдырып тастапты. Бұл мәселеге қатысты Бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да пікір білдірді. Қазіргі таңда құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу басталған.