Бектеновтен ескерту: Жол сапасына қатысты шағым көбейді

Үкімет басшысы үкіметтегілерге екі ай уақыт берді. Жауаптылар мамыр айына дейін жолдағы қауіпсіздікті арттырып, апатты азайтатын карта әзірлеуі тиіс. Бектеновтың мұндай шұғыл шешім қабылдауы бекер емес. Былтыр елде 36 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген.  Қайғылы жағдайлардың дені трассаның сапасыздығынан дейді. Осыған байланысты тұрғындардың да шағымы артты. Өткен жылы 60 мың хат келген. Премьер-министр халық сөзін ескермейтін әкімдерді де жөнге салды. Ескерту жасап, қатаң таптырма берді. Енді елдегі жағдай өзгере ме? Аружан Задабек тарқатсын.

Қазақ “жол мұраты жету” дейді. Сол мұратқа жетудің қазір мұңға айналған. Мұндағы басты проблема - асфальт сапасы. Елімізде 95 мың шақырым жол бар. Соның 94 пайызы республикалық деңгейде «нормативке сай» дейді министр. Бұл - мәселе жоқ деген сөз. Бірақ халықтың сөзі бұған қарама-қайшы. Оған Үкіметке түскен толассыз шағым дәлел. Былтыр арыз хаттың саны 1,5 есе өсіп, 60 мыңға жеткен.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Әкімдіктер  азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге тиіс. Уақтылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп,  жолдарды жөндеу барысына  бақылауды күшейту қажет.

Көлік министрлігі алдағы үш жылда осы олқылықпен күресеміз дейді. Алдымен жұмысты жол жабынын өзгертуден бастамақ. Қазір асфальт-бетон төсейміз. Ол 8 тоннаны ғана көтере алады. Сол себепті ауыр жүк көліктері трассанын тезін тез шығарып жібереді. Ал цемент-бетон одан әлдеқайда төзімді дейді. Тіпті, 40 жылға дейін шыдайтынын айтты.

НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Келе жатқан үш жылдың ішінде жергілікті органдармен бірге өңірлік жолдардың жұмыстарын 5 есе көтереміз. Жұмыстың нәтижесінде 32 мың км өңір жолдарын нормативтік деңгейін 95 пайызға дейін көтереміз.

Осы тұста батыс пен оңтүстіктің жол қаржыландыруындағы айырмашылыққа тоқталмай өтпеуге болмас. Халық саны аз өңірге миллиардтар бөлініп, ал тұрғыны көп облыста ақша үнемделген. Мәселен, Батыс Қазақстанда жол ұзындығы 4,8 мың шақырым, қаржыландыру – 24 миллиард теңге. Ал халық саны бұл жақтан екі есе көп Жамбылға 6 есе аз теңге берілген. Яғни, 4 миллиард. Министр мұнын себебін былай түсіндірді. Кей аймақтар бюджеттен артық ақша алу үшін жол сапасын әдейі нашар көрсетеді.

НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Облысымыздың аумағында пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 6,5 шақырым. Былтыр өңірде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары саласында жалпы құны 16,2 млрд теңге болатын 600 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Жол сапасы түстеп келгенде туризмнің тұралануына әсер етеді. Бізде көрікті жерді көруге құмартатындар қаншалықты басым болса, трассаның азабынан қашатындар соншалықты көп. «Жолы жаманның жүрісі қиын» деген тұрғындар асфальттің әлегіне түскісі келмейді. Бұл – бір. Екіншіден, жол бойындағы қызмет сапасына көңілдері толмайды. «Қазавтожол» басқармасы бұл мәселемен таныс. Биыл 37 нысан ашуды жоспарлап отыр.

ДАРХАН ИМАНАШЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Жолдардың бойында 176 модульдік санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылды, оның 108-і соңғы үш жылда пайдалануға берілді. Осы жылы 13 модульдік павильон орнатылмақ.

Былтыр елде 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Мұның артында қара жамылған талай отбасының тағдыры жатыр. Үкімет басшысы қара жолда қаза тапқандардың көбеюіне сапасыз жолдың артуы себеп дейді. Мәселемен күресу үшін биыл 8 мың 900 шақырым жол жөнделмек. 10 млн текше метр қиыршық тас, 210 мың тонна битум, 230 мың текше метр темір-бетон дайындалып жатыр. Бұл іске 25 мың маман жұмылдырылады. Шаруа шашетектен, енді шикі болмауын қадағалау керек. Не дегенмен, істің көркі -сапа.