Теміртау қаласында 900 отбасы газ құбырына қосыла алмай отыр

Теміртау қаласында 900 отбасы газ құбырына қосыла алмай отыр. Құбыр бірнеше жыл бұрын тартылған. Тұрғындар сол кезде- ақ үйлеріне газ пештерін орнатып, газ кіргізуге дайындалған еді. Алайда армандаған көгілдір отын ақыры жетпеді. Әкімдіктегілер әне- міне деп, сылтауратып жүргенде бақандай 4 жыл өтіп кетіпті. 

Газ құбыры 2022 жылы тартылды. Жылдар бойы көмір жағып күйеден шаршаған жұрт қатты қуанған еді. Жеке сектордағы 900 отбасы сол жылы үйлеріне дереу газ пештерін орнатып, жылу жүйесін өз қаражаттарына толық жөндетті. Алайда  көгілдір отын әлі күнге дейін арман болып тұр.

ТАЛҒАТ ДӘЛІБАЕВ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Котел орнатқам 3 жыл бұрын, қазір уже 4- інші жылға кетіп бара жатыр. Млн- ға орнатқам кредит алып, газ береді деген берген жоқ. Ай сайын, жарты жыл сайын береміз деп уәде беріп бермей жатыр. Жаңа жылда береміз деді берген жоқ. Енді январьда береміз деді январьда берген жоқ, енді мартта дейді мартта бере ме, бермей ма сенім қалмады.

Бұл маңайда тұратындардың дені- зейнеткерлер. Жасы 70- тен асқан қариялар көмір жағудан әбден шаршағандарын айтады. Оның үстіне пештерін алып тастаған жұрттың көбі үйлерін токпен жылытатындықтан жарық жиі сөнеді. Маңайда апат қаупі артқан.

ВИКТОР БЕРЕЦКИЙ, ЗЕЙНЕТКЕР:

Түнде қара пешті күзетуден шаршадық. Жарық сөне қалса насос істемей қалады, жарылып кетуі мүмкін. Тіпті бірнеше рет құбыр жарылып атылып кете жаздаған кездер де болды.

Тұрғындардың айтуынша көшелерге газ құбырын тартқан мердігерлер жұмыстарын дұрыс аяқтамаған. Бірнеше рет ауысқан. Сөйтіп жергілікті әкімдікпен соттасып жатқан көрінеді. Соған қарамастан бірнеше күн бұрын әкімдік қаланың газбен толық қамтылғаны жайында ақпарат таратыпты.  Бұл жұрттың ашуын келтірді. Халық шенеуніктерден нақты ақпарат талап етіп отыр.  Құбыр дайын, газ қайда? 

ҚАНАТ ХАСЕНОВ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бүгінгі күні әлеуметтік қалада газ құбырын тарту жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда құжаттарға қол қою мәселесі ғана қалды. Нысанды іске қосу бойынша акт жасалып жатыр, ол аяқталған соң тіркейміз.

Мердігерлер құбырларды дұрыс жүргізбеген. Ол қателікті әкімдік соттасқан соң ғана түзепті. Енді осы наурыз айында 900 отбасына көгілдір отын берілуі тиіс.