Түркістандық ата-аналар арнамызға шағымданды

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы мектепте сапалы білім жоқ дейді ауыл тұрғындары. Арнамызға шағымданған ата-аналардың айтуынша, ағылшын, орыс тілі пәндері мүлдем талапқа сай оқытылмайды. Баламыз шала сауатты болып қала ма деп алаңдайды. Ал бұған мектеп басшылығы пен білім бөлімінің жауабы қандай? Тілшіміз айтады. 

Тесіктөбе ауылының бір топ тұрғыны мектеп пен білім басқармасының табалдырығын тоздырып жүр.  Балаларымызға беріліп жатқан білім сапасыз дейді олар.  Әсіресе, ағылшын, орыс тілі пәндерінің мұғалімінің кәсіби біліктілігіне наразы.

РАУШАН АЛШЫОРАЗОВА, ТЕСІКТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Орыс тілінде мүлдем еркін сөйлей алмайды мұғалім.  Ағылшын тілі мүлдем телефонға қарап аударып, балалармен сабақ өтіп отыр. Сондықтан біз осылай шырылдап отырмыз. Балаларымыздың білім қажет бізге. 

СӘНИЯ СЕЙДАХОВА, ТЕСІКТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

10-сыныпта оқиды балам. Иә, бірақ әлі күнге орыс тілінде сөйлей алмайды да, жаза алмайды да. Өйткені ол жерде жаңағыдай ғой, апайларының өзі, ағайларының өзі білмейді. Бұл мектепте дипломды сатып алып келіп, нанын былай айтқанда күнкөрістің қамына айналдырып кеткен ұстаздар көп. 

11 жылдық білім ұясында   200 оқушы бар. Мектеп директоры білім сапасына қатысты сынмен  келіспейді. 

АЙБЕК МОЛДАСАПАРОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Мектепте білім сапасы төмен емес. Мектеп бойынша білім сапамыз 60 пайызға жуық. 57,8 % құраған. Енді нақты бұл кісілердің талабы ағылшын, орыс тілдері бойынша білім сапасы төмен деп тұр ғой. Ол бір екі баланың жауап бере алмауына байланысты бүкіл сыныптың, болмаса бүкіл мектептің білім сапасы  төмендеп кетті дегенді көрсетпейді деп ойлаймын.

Бұл мәселеден аудандық білім бөлімі де хабардар. 

АЛТЫНШАШ АЖЫБАЕВА, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ ӘДІСТЕМЕЛІК КАБИНЕТ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Осы арыздың негізінде мектеп директорына, мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасарына, ағылшын тілі дәне орыс тілі пән мұғаліміне тәртіптің шара көрілген. Бұдан кейінгі қадамдар негізі жұмысқа алып, жұмыстан босату мектеп директорының құзырында. 

Білім бөлімі бірнеше мәрте әдістемелік көмек көрсеткен. Ол жұмыстар әлі де жалғасады дейді.