Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Атырау облысына барды. Өнеркәсіптік өңірде қоғам өкілдерімен, шығармашыл жастармен, мұнайшылармен және кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өтті. Мәжіліс төрағасы жаңа Конституция халықтың сұранысына негізделгенін, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған жүйелі реформалардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті. Ата заң жобасы – қоғамда қордаланған әділдікті орнықтыру, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету және баршаға тең мүмкіндіктер беру жөніндегі талаптарға берілген жауап. Сондықтан парламенттік реформадан бастау алған конституциялық түзетулер Қазақстанның болашағы туралы кең ауқымды қоғамдық пікірталасқа ұласып, нәтижесінде жаңа Ата заңның қабылдануына алып келді. Сонымен қатар әр адамның еңбек ету құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы және әлеуметтік қорғау сынды жаңа Конституция жобасында жарияланған нормалар «ҚазТурбоРемонт» қызмет көрсету орталығының ұжымымен өткен кездесулерде талқыланды.
ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Конституция басынан аяғына дейін адамдардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау, мүлтіксіз қорғау, мүлтіксіз күзетуге бағытталған. Біздің бойымызға сіңген еркіндік, теңдік, әділдік, жауапкершілік, табиғатты аялау деген ұстанымдар бар. Бұл бізге демократиялық қазақ даласынан бергі болйымызға сіңген қағидалар. Осының барлығын біріктіріп, Әділетті Қазақстан заң мен тәртіп деген қағидаттың ішіне сіңіріп, оны негізгі бағыт ретінде нақтылап берді.