Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің жетінші отырысында салық режимдерін таңдау бойынша деректер жарияланды. Кәсіпкерлер ағымдағы жылғы 1 наурызға дейін салық режимін таңдауға тиіс болатын.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді 346 мың адам таңдаған, оның ішінде 265 мыңы – көлеңкелі айналымнан шыққан жаңа қатысушылар.
Еске салсақ, салық реформасының негізгі мақсатының бірі – еңбек нарығын заңдастыру және заңды түрде жұмыс істеу үшін қарапайым, түсінікті әрі қолжетімді жағдай жасау. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы режимнің басты артықшылығы, табысқа салық салынбайды және жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес. Бұл бұрын тіркеусіз жұмыс істеген азаматтардың заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы режимді 1,2 млн кәсіпкер таңдады.