Сауд Арабиясынан 640 отандасымыз елге оралды

Таяу Шығыстан отандастарымыз елге оралды. Кеше түн ауа 3 чартерлік рейспен  Сауд Арабиясының Медина және Жидда қалаларынан Атырауға бес жүзден астам адам аман-есен келді. Олар кіші қажылықтарын өтеуге барған. Кейбір туриске құлшылық сапарын  ерте аяқтауға тура келіпті.  Ал кейбірі  әуе жолының жабылуына байланысты, қасиетті мекенде 3 күн күтіп қалған.  Олар әскери қақтығыстардың дауысын естімегенін айтады. Бірақ әлеуметтік желідегі ақпараттарды көріп, қатты қорыққандарын жасырмады. Әуежайда алыс һәм қауіпті сапардан оралғандарға ыстық тамақ пен тіскебасарлар дайындап қойды. Одан бөлек әуежай мен құқық қорғаушылар күшейтілген әрі ұйымдасқан түрде жұмыс істеп, көмектерін аямады. Жолаушылар таңға таяу ішкі рейстермен өз қалаларына ұшып кетті. 

МӘУЛІМХАН ҚАЗІКЕНҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үш күн асып жаттық.  Төтенше жағдай болып қалды. Сол үшін сіздер кешігесіздер,- деді. Әбден енді біз ұшаққа отырамыз дегенде  сонда біз естідік. Астыға түсіңдер,  әуежайға апарамыз деп автобусымыз келіп тұрғанда қалып қойдық. Ұшқалы тұрған кезде. Содан кейін бірақ әбіржіп қалғанымыз бар. Сансыз шүкір  рахмет.

АЛЛАБЕРГЕН БАРХАТ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Барлығының үрейі сол болды ғой. Әке-шешесінің алдына, бала-шағасының алдына аман бару. 1-2 күн ертерек кетіп қалдық. Ушығып бара жатты, соған байланысты.

Одан бөлек  Air Astana компаниясы Мединадан Ақтау қаласына репатриациялық рейсті орындады. Осылайша барлығы 640 адамды тасымалдады. Тағы 200-ге тарта адамды қайтару жұмыстары жүріп жатыр,- дейді құлшылыққа апарған туристік компания өкілдері. Айтуынша, ішкі рейс шығынын  келісім-шарт бойынша туркомпания өз мойынына алған.

ТҰРСЫН АХМЕТОВ, ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

Консулдықтың араласуымен, сыртқы істер министрлігінің араласуымен мына күні осы қазіргі рейстің келетіндігі мәлім болған  соң біз қажыларымызды тиісті қалаларға дұрыстап жинап, ол кісілерді  қонақ үйден тасымалдап, автобустармен әуежайларға жеткізіп, Медина  қаласынан бірінші ұшағымыз қазір қонды. Ішкі рейстермен бір де бір қажы өз қаржысына ұшып жатқан жоқ. Тек қана сол елден ұшып кеткен, жұмысым ертең, мен күте алмаймын, Стамбул арқылы ұшамын деген қажылар да болды.  Ол кісілер аман есен шықты. Ол кісілердің қайтару билеттері мысалы барарда компанияға төледі ғо.  Қайтарда компанияның  ісіне жүгінбегендіктен ол кісілердің билет құны  қайтарылып жатыр.