Қазақстанда Шерлок Холмстың әріптестері пайда болады

Қазақстанда Шерлок Холмс пен Эркюль Пуароның заманауи әріптестері ресми мәртебе алуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасын қарауға кірісті. Осы уақытқа дейін бұл мамандық иелері елімізде заң жүзінде мойындалмады. Бірақ іс жүзінде қызмет көрсетіп келгені баршаға аян. Детективтер расында немен айналысады? Олардың құзыретіне не кіреді?  Тілші Айсәуле Съезбек тарқатады.

Біреулер үшін із кесушілер тек шытырман оқиғалы фильмдердің кейіпкері секілді. Қазақстанда детективтер қара нарықта бейресми қызмет етеді. Жедел іздестіреді, сұрау салады, ресми органдармен байланысады, айғақ жинайды. Қызметі – ақылы. Бірақ кәсіп бізде заңдастырылмаған.  Тиісінше, салық та төлемейді.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл -тағдырлы заң. Өйткені бұған дейін 3 рет Мәжіліске келіп, 3 рет қайтарылған. Бұл қылмыстардың, құқықбұзушылықтардың уақытылы ашылуына және азаматтардың оған тең қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Жергілікті жердегі құқыққорғау органдарының монополиясын жояды. Тергеуге көңілі толмайтын адамдар өте көп. Соттың әділдігіне күмән келтіріп жатқан, прокуратураға көңілі толмайтын адамдар көп. Соларға бұл альтернативті мүмкіндік.

Елімізде біреуді аңду, ол туралы ақпарат жинау – жеке өмірге қол сұғу болып саналады. Бұған қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Ал көрші Ресейде бұл сала 1992, Қырғызстанда 1994 жылдан бері ресми тіркелген.  Бұл жолы мәжіліс   Заңды мақұлдаса,  жеке детективтерге арнайы лицензия беріледі. Маман иесі атану үшін құқық қорғау органдарында кемі 10 жыл қызмет етуі шарт. Жоғарғы заңгерлік білім де талап етіледі. Олардың қызметін жәбірленуші де, айыпталушы да пайдалана алады. 

РИНАТ ЗАЙЫТ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Бұл бүкіл әлемде бар практика. Көптеген істер бар ішкі істер органдарында күмән тудыратын. Сондықтан бұл қызмет бізде сұранысқа ие болады деп ойлаймын. Барлығы жазылады, реттеледі.

Цифрлық әлеует артып, көшенің әр бұрышында бейнежазба самсап тұрса да, жоғалған затты табуға кейде полицейлердің құлқы болмайды. Немесе кәсібилігі жетпейді. Осындайда детективтердің қызметіне жүгіну жемісін берер еді, - дейді депутаттар.