Шетел асқан ата-анадан алимент өндіру жеңілдейді

Шетел асып, балаларына алимент төлеуден жалтарғандардың жолы кесіледі. Мәжіліс маңызды халықаралық хаттаманы ратификациялады. Енді Қазақстан соты алимент өндіру туралы бұйрық шығарса, ТМД елдерінде ешқандай кедергісіз, тікелей танылады. Бұл трансшекаралық отбасылық дауларда баланың мүддесін қорғайды.  Соңғы 5 жылда Әділет министрлігіне осы мәселе төңірегінде 102 өтініш   түскен.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан – ашық мемлекет. Азаматтарымыз шетелде жұмыс істейді, тұрады, отбасы құрады. Алайда трансшекаралық отбасылық даулар саны артып барады. Мұндай істердегі ең ауыр мәселе – ажырасу емес. Ең ауыр мәселе – алименттің төленбеуі. Мемлекет сырттай бақылаушы бола алмайды. Біз халықаралық ынтымақтастық арқылы юрисдикциямыздан тыс жерде де жұмыс істейтін тетік құруға міндеттіміз.