Атырауда сауда орындарында сиыр еті азайып кетті. Төрт түліктің ішінде мүйізді ірі қараны ең көп тұтынатын халық, базар аралап, сабылып жүр. Сиыр еті сөреден неге азайды? Тілшіміз анықтауға тырысты.
Қаладағы ірі сауда орнының ет бөлімінде орындар бос тұр. Сөредегі ет те сиреген. Оразасын ыстық сорпамен ашқысы келген тұрғындар сиыр етін сабылып іздеп жүр.
БЛИЦ:
- Көп жоқ, Көбіне жылқының еті. Қазір малдан инфекция шықты дей ме ауру, содан шығар деп ойлаймын.
- Негізі таңдау көп болған дұрыс қой. Өткенде мен білмей қалдым. Ресейдің етін алып кетіппін. Мен байқамай қалыппын. Үйге барғаннан кейін барып дәмінен біліп тұрмын.
Сатушылар соңғы бір айдан бері мал сою орындарына ірі қара әкелетіндер азайғанын айтады. Сондықтан сөредегі сиыр етінің орнына түйе мен жылы етін жайғастырған.
КЛАРА ЕРҒАЛИЕВА, САТУШЫ:
Мал аз келіп жатыр. Көбіне келіп жатқан жылқы мен түйе еті, тайлақтың еті. Сиыр жоқтың қасы. Арасында Оралдан келеді сойылып, соны аламыз. Осы 2-3 күннен бері мал болмай жатыр. Аудандарды жауып тастады, ауданнан мал келіп жатқан жоқ. Не келеді соны сатып жатырмыз біздер.
Мал сою орындарында да жұмыс азайған. Мысалы, мына базарда тәулігіне кем дегенде 40-50 сиыр малы сойылып, сауда орындарына тарайтын. Бүгін бір де бірі пышаққа ілікпеген. Өйткені Құрманғазы мен Исатай аудандарының кейбір ауылдарында ірі қара арасында инфекциялық ринотрахеит індеті тарап, мал қозғалысына шектеу қойылған. Соған байланысты өзге ауылдар да анықтама бермей отыр,- дейді мұндағылар.
СӘНДІБЕК АТОЛОВ, МАЛ ДӘРІГЕРІ:
Мүйізді ірі қара, ұсақ мүйізді ірі қара келмей отыр қазір. Соған байланысты қазір шектеуге байланысты еттің бағасы өсіңкіреп тұр. Мысалы бүгін бір бас сойылған жоқ ірі қара. Жылқы сойылғанмен, ұсақ малдар сойылғанмен, ірі қара сойылған жоқ.
ӘБУ ҚҰЛБАСОВ, МАЛ БАЗАРЫНЫҢ ӘКІМШІСІ:
Себебі ветеренарлық анықтаманы малға бермей жатыр. Батыс Қазақстаннан келеді ғой малдың көбі. Ол жақта бізге анықтама бермей, Атырауға мал жібермей отыр.
Облыс бойынша 6 округтен басқалары үшін мал сатуға еш кедергі де, шектеу де жоқ,- дейді ветеринарлар. Өзге аудандардағы эпизотикалық жағдай тұрақты. Бірақ қыстан шыққан арық-тұрық малды базарға апаруға иесі қомсынатын шығар,- деген пікірде.
НҰРКЕН БАЯРОВ, ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІНІҢ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бордақылау алаңдары жоқ біздің өңірде. Бізде, мысалға, 80 пайызы Батыс Қазақстан облысынан келеді. Қазір біздің өзіміздің жеріміздің өзі қуаңшылық болғандықтан. Ондай малдың күйі көтеріңкі емес, төмен болады. Сондықтан мал сою орындарына сата алмайды.
Атыраулықтар жылына 15 мың тонна сиыр етін тұтынады. Өңірде мал арасындағы індет туралы естігелі халық сатып алуға қорқып қалған. Бірақ сұраныс әлі жоғары.