Түркістанда тісімен сурет салатын қыз тұрады

Тағдырдың сынағы сан алуан, ал онымен әрбір адам күш-қайратының жеткенінше күреседі. Түркістандағы  оңалту орталығында тәрбиеленіп жатқан Русалина Құрманованың ғұмыры ерекше. Сурет әлемінде ерекше шығармаларымен танылып жүрген жас  қылқалымды өзгелер секілді қолымен ұстамайды. Төрт жасында ата-ана қамқорлығынсыз қалған ол әлемді түрлі түсті бейнеде көреді. Рухы биік ару туралы  тілшіміз Айзада Төребекқызы айтады.

Бұл қылқаламның жүгі де, жолы да ерекше. Ол саусақтардың ұшымен емес, ерік-жігердің күшімен қозғалады. Павлодарда дүниеге келіп, тағдыр тауқыметімен Түркістандағы   оңалту орталығына тұрақтаған Русалинаның өмірі — ақ қағазға түскен алғашқы бояу секілді. Аяқ-қолының қозғалмайтыны оған кедергі емес.

РУСАЛИНА КҰРМАНОВА, ЖАС СУРЕТШІ:

Көбінесе мен табиғат салғанды ұнатамын. Себебі табиғат шексіз. Ішкі айтқым келген ойларымның барлығын осы суретпен жеткізгім келеді, жеткіземін. Табиғат ашық, әдемі, кеңдеу. Сурет мен үшін шексіздік. Келешекте суретші болғым келеді.

Русалина ашық түстерді ұнатады. Алты жасында тісіне алғаш рет қылқалам іліккенде, болашақта суретші болатынымды сездім дейді.  Биыл 16 жасқа толған ол түрлі жарыстардың жеңімпазы.   Русалина тек суретші емес, үздік оқушы, әдебиет әлеміне ғашық кітапқұмар және әуезді әнші. Оны маңайындағылардың барлығы ерекше жақсы көреді. Ішіндегі мұңды әнмен емес, бояумен жеткізуді таңдаған арудың әрбір туындысы - үнсіз айтылған монолог, -дейді орталықтағылар.

ЖАНАР ТӘЖЕНОВА, ӘДІСКЕР:

Русалина әр түрлі табиғат туралы суреттер салғанды ұнатады және ашық түстермен жұмыс жасағанды жақсы көреді. Майлы, түрлі-түсті, қызыл-жасыл суреттермен сурет салғанды ұнатады. Себебі ол мінезіне байланысты деп ойлаймын.

Бұл жер Русалина үшін оңалту орталығы ғана емес, шығармашылық шеберханаға айналған.  Мұнда ол қышқа да жан бітіріп, табиғаттың әрбір сәтін өзінше бейнелейді.

ЛӘЗЗАТ ЕСНАЗАРОВА, ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Русалина келешекте үлкен суретші болғысы келеді. Біз енді сол өнер колледжіне оқуға түсуін жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта сол мақсатымыз орындалып, баламыз үлкен суретші болып жатса, нұр үстіне нұр болады. Біз енді Русалинаға сеніміміз үлкен.

Русалинаның арманы асқақ. Жас қылқалам шебері болашақта өз туындыларының әлемдік көрмелерде қойылғанын қалайды. Осылайша адамдарға мейірімнің түсі қандай болатынын көрсеткісі келеді.