Қазақстанда гүл бағасы шарықтады

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2026

8 наурыз жақындаған сайын гүл нарығындағы баға да «шарықтап» барады. Сұлулық нышанының құны еселеп өскен. Мамандардың сөзінше, биыл отандық жылыжайлар өнімді молайтқанымен, сұраныстың жоғарылығы бағаға тікелей әсер етіп отыр. Ал флористер «күшейтілген режимде» ұйқысыз жұмыс істеуге көшті.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

8 наурыздың иісі де, бейнесі де -дәл осы гүлдер. Қазір мен нағыз сұлулық әлемінің ортасында тұрмын. Бұл - тек нәзіктік символы емес, артында үлкен логистика мен флористердің ұйқысыз түні жатқан алып нарық.

Мәселен, мереке қарсаңында елімізге Оңтүстік Америка мен Еуропадан миллиондаған дана гүл жеткізіледі. Соңғы жылдары отандық жылыжайлар да импортқа лайықты бәсекелес болып отыр дейді дүкен иелері.

Расында да, еліміздің гүл нарығындағы бәсеке биыл өте жоғары. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанға гүл әлемнің 45 елінен жеткізіледі. Көшбасшы  - Эквадор мен Нидерланды. Десе де, гүл саудасының нағыз «қызу» шағы енді басталды. Ал баға мәселесінде отандық өнімнің ұпайы түгел. Степногорск пен Алматының жылыжайлары нарықтың сұранысын толық өтеуге дайын. 

ДИАС МҰҚАТОВ, ГҮЛ ДҮКЕНІНІҢ ИЕСІ:

Бүгінге дейін 200 мыңнан астам гүл сатылып кетті. Негізгі тауар Алматы мен Степногорскіден келеді. Қызғалдақтың отаны  Қазақстан болғандықтан, біздің өнімдер ірі бүршігімен және қанық түсімен ерекшеленеді. 2 наурызға дейін жеңілдікпен тапсырыс қабылдап, қазір безендіруге көштік. Биыл бір қызғалдақтың орташа бағасы  800 теңге. Бұл тұтынушы үшін ең тиімді құн деп есептейміз

Биыл нарықта онлайн тапсырыс 15%-ға артқандықтан, мамандар гүл жинаумен қатар желіден түскен тапсырыстарды да өңдеп үлгеруі тиіс. Бұл орайда сақтық шаралары ерекше маңызды.  

ШҰҒЫЛА ТҰРЛЫБЕК, ҚР ІІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Жарнама арқылы тауар сатып алатын болсаңыз жарнама жойылып, ал сатушы сізбен байланысқа шықпай қалуы мүмкін. Тауарды тек қана тексерілген дүкендерден алуға кеңес береміз.

Мамандар күмәнді сайттарға алдын ала төлем жасаудан сақ болуды ескертеді. Гүл сататын дүкендерде қазір демалыс жоқ, нәзік өсімдіктерді салқын температурада сақтау мен мыңдаған дананы қолмен сұрыптау «ұйқысыз режимді» талап етеді.

АЙГҮЛ АБДУЛЛАЕВА, ФЛОРИСТ:

28нен бастап жұмысымыз басталды тауар келу тауар қабылдау осында заказдарды жасап жатырмыз. Таңғы сағат 6  келеміз, түңгі 1-ге дейін жұмыс жасайсмыз, кейде даже осы жерге қонатын күндеріміз болады.

Мамандар осылай тер төккенде, сатып алушылар да сыйлықтан аянып жатқан жоқ. Биыл қазақстандықтар гүл шоқтарына орта есеппен 15-тен 40 мың теңгеге дейін жұмсауға дайын.

БЛИЦ:

- Сол 40 мың тек бір кісіге емес, әрбір кісіге ата-анама, жұмыс, колледж.

- 15-20 мың теңге алатын шығармыз

- Әлі қараған жоқпын, пенсия алған жоқпын әлі.

Қалтаның қамы мен нарықтың заңы өз алдына, ең бастысы шынайы ықылас пен көктемгі көңіл-күй. Сыйланған әрбір шоқ гүл - құрмет пен жылулықтың белгісі.