Ақтөбенің іргесіндегі "Тұран" тұрғын алабының жұртшылығы тіршілік нәріне зар болып отыр

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2026

Ақтөбенің іргесіндегі Тұран тұрғын алабының жұртшылығы тіршілік нәріне зар болып отыр.  Жұрт суды тасып ішеді. Және тегін емес, оны да сатып алады. Біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің мәні неде? Өңірден Жанар Датқызы.   

Тұрғындардың сөзінше, бұрын қазылған ұңғыманың суы қазір ішуге мүлдем жарамсыз. Сондықтан суды сатып алады. Сүзгі қойғандары оны ай сайын ауыстыруға қыруар қаржы жұмсаймыз дейді.  

ӘДІЛХАН ӘНЕШЕВ, "ТҰРАН" ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге 2025 жылы шешіліп қалады,деп айтқанымен әзірге өкінішке орай бұл мәселе шешіліп жатқан жоқ. Бізге ертеректе қазіп берген скважина қазір ішуге мүлдем жарамсыз болып тұр. Біздер басқа жақтан су тасып ішуге мәжбүрміз.

ШӘМШИЯ ҚАЙНАРОВА, "ТҰРАН" ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңағы скважинаның суы сап-сары, ішуге келмейді. Анау сатып алып ішіп отырмыз.Кір жууға да келмейді. Былай тулатеек қолданамыз, болды.

Жергілікті билік мәселені Мұғалжар ауданынан, шамамен 100 шақырым қашықтан құбыр тарту арқылы шешпек. Алайда бұл жоба іске асса да, оған кемінде 3 жыл уақыт қажет. Жоба дайын. Бірақ ақша жоқ.  Тұран тұрғын алабын ауыз сумен қамту үшін 45 миллиард теңге керек. 

БАУЫРЖАН ЖАНТУРИН, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қала аумағында қазіргі уақытта су көздері бар, алайда бұл аудандарды тұрақты сумен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. 2025 жылға арналған жобалар шеңберінде Мұғалжар ауданы арқылы су Ақтөбе қаласына жеткізіліп, әрі қарай таратылады. Бұл жоба бір жылдық емес, бірнеше жылдық жоба. Биыл жобаға сараптама, жүргізіліп, келісім шарт жасалды. Мердігер мекеме анықталды. Жобаға қаржы бөлінсе, жұмыс басталады.

Демеуші табылса, су болады. Бірақ, оны күте-күте халықтың төзімі таусылды. Қазір бұл аумақта 500-ге жуық отбасы тұрады.  2000-нан астам жер телімі бар. Тұранның тағдыры- қағаздағы жоба мен күтілген қаржының арасында қыстырылып қалғандай.