91-дегі қарағандылық кейуана қыз жасауын тігеді

91-дегі қарағандылық кейуана іс тігеді.  Немере-шөбере, шөпшегінің ит жейдесінен бастап жасауына дейін өзі дайындайды. Ғасырға жуық жасаған қарияның қолынан ине түспейді.  

Бәтен Қауымбаева немерелеріне көрпеше тігіп жатыр. Жасы 91- ге келсе де тігін- оның сүйікті ісі. Өзі пішеді, оюын  ояды. Көзі қырағы, санасы сергек. Бұл өнерді ол  анасынан үйреніпті.

БӘТЕН ҚАУЫМБАЕВА, ТЫЛ АРДАГЕРІ:

Көрпелердің оюын ойып беріп анам осылай үйрете бастады. Әй, жаман қыз осылай үйреніп іс істей біл, ертең жаутаңдап жүрме көрінген үйге көрінген киіміңді құшақтап,- деп анам солай үйретіп кетті. Жиендерімнің – немерелерімнің бәрінің жасауларын өзім тігем, ойыма не келсе соның бәрін істеп беріп отырдым.

ӘСЕМ РАХИМОВА, НЕМЕРЕСІ:

Нағашы әжеміз кішкентай дүниеге келген кезде 1 жасқа дейін баланы бесікке салып, бесікке салғаннан кейін ала- ала қылып шапаны мен шапкесін тігіп береді. Бір жасқа дейін барлығымыз соны кигіземіз. Себебі, апамыз тіл – көзден аман болсын дейді.

Кейуананы шыңдаған еңбек. Көп жасаудың құпиясы- тынымсыз еңбек пен үлкенге құрметте дейді. Өмірлік тәжірибесі мол, ұрпағына осыны үйретеді. Ал балалық шағы ауыр болды. Әкесі соғысқа кетіп қайтып оралмаған. Жастайынан анасымен бірге тылда егін салды. Қайсар қыз кейін аспаздық пен тігін өнерін меңгеріп,туған жері Қарақаралыда талай адамның киімін тігіп, дәм татқызған. Отбасын құрып, 12 құрсақ көтерді.  Қазір бала-шағасының қуанышына бөленіп отыр.

ӘСЕЛ ТӨРЕХАНОВА, КЕЛІНІ:

Екеуміз бірге іс тігеміз. Әлі күнге дейін ширақ бұл кісі. Тамаққа бәріне. Шапшаң, өзі жүгіріп істей береді. Біз үлгермей жатсақ сен істе, мен істе деген жоқ өзі жүгіріп барып бәрін істей береді. Бауырсақ та илейді, бауырсақ та істейді.

Асыл әже әлі күнге дейін өзінен тараған ұрпағының ит жейдесінен бастап жасауына дейін өз қолымен тігіп береді. Барған жерінде ән салып думандатып жүреді. Бізге әкесінің соғыста отбасына жазған хатын әндетіп айтып берді.

БӘТЕН ҚАУЫМБАЕВА, ТЫЛ АРДАГЕРІ:

Ақ қағаз, қара сия қалам деңіз. Барсаңыз мен аулыма сәлем деңіз.Сәлемді кім айтты деп сұрай қалса, алыста жүрген деңіз сіздің балаң деңіз. Ақ Дариғаш, қалқам әгугәй.

8- наурыз - туған күні. Алыстағы немерелері әлден- ақ құттықтап келіп жатыр. Ғасыр әже бүгінде әр баласына кезек қонақтап, осылай бақытты ғұмыр кешуде.