ШҚО ПД-да үздік мерген арулар марапатталды

polisia.kz

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде әйел қызметкерлер арасында жауынгерлік қарудан оқ ату жарысы өтті. Атыс шебіне түрлі бөлімшелердің өкілдері - анықтаушылар, криминалистер, айдауыл қызметінің мамандары және басқа да қызметкерлер шықты. Бұл – олар үшін жай ғана сайыс емес, кәсіби дайындығын, төзімділігін және табельдік қаруды шебер меңгергендігін көрсетудің мүмкіндігі болды. Ату алаңында барынша зейін қоюды талап ететін атмосфера орнады.

Бірнеше секундтық үнсіздік, нысанаға дәл тиген оқ дауысы. Қатысушылар жоғары ату шеберлігін, ұстамдылық пен өзіне деген сенімділікті паш етті. Ату жарысының қорытындысы бойынша 1-орынды — Анықтау басқармасының аға анықтаушысы Салтанат Ерназарова, 2-орынды - Анықтау басқармасының ерекше маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы Татьяна Титаренко және 3-орынды Өскемен қалалық полиция басқармасының полицей-айдауыл қызметкері Самира Солтангазина иеленді. Оқ атудан бөлек, қатысушылар Макаров тапаншасын жылдам шашып-жинаудан бақ сынасты. Бұл жаттығу ептілікті, жылдамдықты және іс-қимылдың нақтылығын қажет етеді. Тапаншаны жинаудан 1-орынды — ОКУ криминалисті Александра Колпак, 2-орынды ҚҚБ технигі Назым Асенова, 3-орынды анықтау басқармасының қызметкері Салтанат Ерназарова иеленді. Тапаншаны шашудан 1-орынға ҚҚБ бас маманы Нафиса Кайырбекова, 2-орынға Өскемен қ. ПБ ЖКБ криминалисті Назым Ерланова, 3-орынға анықтау басқармасының қызметкері Татьяна Титаренко жайғасты. Жарыс соңында жеңімпаздар медальдармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сайыста көрермен қатысушыларға қошемет көрсетіп, қолдау білдірді. 8 наурыз мерекесі қарсаңында мұндай сәттердің маңызы зор. Бұл – полиция погонының артында күн сайын қызметін адал атқарып жүрген қайратты, өзіне сенімді және мамандығына адал әйелдер тұрғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.