Отан қорғаушылар мереке алдында аналарын құттықтады

Отан қорғаушылар ел жүрегін елжіретті. Сарбаздардың аналарына телефон соғып, мейраммен құттықтаған сәттері әлеуметтік желілерге тарап, қазақстандықтардың ыстық ықыласына ие болды. Сағыныштан жауынгерлердің көздеріне жас алғаны ешкімді бей-жай қалдырмады. Әскери әншілердің Анаға арнап шырқаған әндері де көпшіліктің жылы лебіздерін иеленді.

Әскерде салқынқандылыққа, төзімділікке үйренсе де, Анасының даусын естіген сарбаздар көз жасына ерік берді. Барлығының айтар сөзі бір, бір жыл жырақта жүріп, Ананың қадірін түсінген. Көктем аяғы, жаздың басы үйлеріне қайтатын жауынгерлердің жүрегі сағынышқа толы.

Ұлттық Ұлан мәліметінше, мейрам алдындағы бұл акция ведомствоның бүкіл әскери бөлімдерінде қолға алынған.

ӘЛІБЕК ӘБДІЛОВ, ҚР ІІМ ҰЛТТЫҚ ҰЛАНЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұл бір жағынан сарбаздарымыздың моральдық-психологиялық жағдайына жағымды әсер етеді деп ойлаймыз. Алдағы уақытта да ата-аналармен кездесу, ашық есік күндері, ата-аналардың жалпы әскери бөлімдерге келіп, балалардың тұрмысымен танысуға бар мүмкіндік жасалады.

Қорғаныс министрлігі де мерекеден шет қалмады. Қарулы Күштердің әскери қызметкерлері, сарбаздар, кадеттер мен «Жас сарбаз» студиясының тәрбиеленушілері соңғы жылдарда танымал болған «Ана» әнін орындады.

Қазыналы қарттарға да көңіл бөлді. Әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық студиясы Ақ жаулықты аналарға арнап, Асыл әже әнін орындады.

Анаға деген махаббат – барша адамзат үшін ең қастерлі құндылық. Әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында барша жан бас иеді.