Үкіметтегі брифингте «Отбасы банк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ләззат Ибрагимова Қазақстанда исламдық ипотеканы енгізу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, бұл бағыт бойынша алдағы уақытта қоғам тарапынан көптеген сұрақ түсуі мүмкін.
Исламдық ипотекаға қатысты алдағы уақытта көп сұрақ болады деп күтеміз. Пәкістандағы Meezan Bank Limited банкімен меморандумға қол қойдық. Құжат Бәйтерек холдингі делегациясының ресми сапары барысында рәсімделді. Қазір заңнамаға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бес мемлекеттік орган өз келісімін берді. Енді Мәжіліс исламдық ипотекаға рұқсат берсе, біз оны осы жылдан бастап іске қоса аламыз, – деді Ибрагимова.
Сонымен қатар банк басшысы исламдық ипотеканың талаптары мен ережелері де бөлек болатынын атап өтті.
Малайзиядағы өнімдердің қандай екенін қарап, зерттеп жатырмыз, – деді ол.
Журналистердің «Бұл қазіргі ипотекалық бағдарламаларға ұқсап кетпей ме?» деген сұрағына Ибрагимова:
Жоқ. Исламдық ипотека – мүлде бөлек жүйе, – деп жауап берді.