Атырау облысында Жанкелдин ауылында бір отбасының 4 бірдей мүшесін өлтірді деп күдікке ілінген күйеу бала кінәсін толық мойындады. Бұл туралы Ішкі Істер Министрлігі өкілі мәлімдеді. Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Индонезия мемлекетінен елге эстрадицияланды. Олар алдымен Алматыға, сосын Атырауға жеткізілді. Іле-шала Мұқанғалиевтардың із-түссіз кеткен 33 және 36 жастағы ұлы Наурыз бен қызы Мейрамгүлдің мәйіті табылды деген хабар тарады. Тым болмағанда бауырларымыз аман жүрген шығар деген қаралы отбасының үміті үзіліп, бас көтере алмай отыр.
Қайғыдан қан жұтқан қаралы отбасы таңнан бері сот сараптамалық орталығын жағалап жүр. Оларға кеше кешкісін қос бауыры Наурыз бен Мейрамгүлдің денесі табылғанын хабарлап, марқұмдарды тану үшін шақырған. Аза бойы қаза болған ағайын соңғы үмітіміз үзілді,- деп аһ ұруда.
ШАЛҚАР МҰҚАНҒАЛИЕВ, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:
Қылмыскерлер ұсталды деген. Әкелді деген кезде бір үміт болған,бәлкім, тірі шығар деген, сондай үміт оянған. Бірақ кеше сүйегі табылды деп естіген кезде оңай тиген жоқ. Сабыр еткеннен басқа қолдан келетін шара болып жатқан жоқ.
Туыстары сараптама рәсімдері аяқталысымен, марқұмдардың денесін туған ауылына апарып, ата-анасының қасына жер қойнына тапсырамыз,- дейді.
БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Із-түссіз жоғалған Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның денесі кеше таңертең күйеу баланың жалдап тұрған үйінің іргесінен, мына электр бағанасы мен іргетастың ортасынан табылған. Полицейлердің айтуынша, көмген жерді күдіктінің өзі көрсеткен.
Қылмыскер мәйіттерді алысқа апарып әуре болмапты. Үй іргесіне көме салған. Бұл аумақты полиция қаңтар айында түгел қазып, арнайы аппаратпен іздеген еді. Кейбір деректер бойынша, Наурызды жаз айында өлтіріп, көміп тастаған. Кейін қазып, бетіне Мейрамгүлдің денесін жасырды деген ақпарат бар. Қазір екі пәтерлік шағын үйде ешкім тұрмайды. Іші де, сырты да, тас-талқан боп жатыр. Ішкі істер министрлігі өкілдері күдікті күйеу бала кінәсін толық мойындады деп мәлімдеді.
ҚАНАТ НҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Жедел тергеу іс-шаралар нәтижесінде қаза тапқандардың мәйіттері табылды. Күдікті кінәсін толық мойындады. Қылмыстық іс екі немесе одан да көп адамдарды өлтіру бабы бойынша жүргізілуде.
Ата-анасы мен бауырларын өлтірді деп күдікке ілінген отбасының үлкен қызы Аяқбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығына орналастырылған. Туыстары оның қазіргі жағдайынан хабарсыз. Дәрігерлер тергеу шараларына байланысты денсаулығы туралы айта алмаймыз,- деп отыр. Психикалық жай-күйіне сараптама жүргізілмек. Айта кетейік, Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мүрдесі қаңтар айында өз үйінің сарайынан табылған еді.