Оралдық тұрғын тіс емдетемін деп көз жұмды: стоматолог кінәсіз деп танылды

Тіс емдетемін деп көз жұмды. Орал қаласының тұрғыны Марьям Мұқанова тісін жеке емханада емдетпек болған. Бірақ дәрі салғасын, жағдайы нашарлап, қан қысымы күрт көтеріледі. Амалы таусылған тіс дәрігері жедел жәрдем шақыртыпты. Бірақ науқас екі аптадан кейін ауруханада көз жұмған. Бүгін әйелдің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Сот кезінде марқұмның созылмалы аурулары болғаны, ал тіс дәрігерінің тиісті сертификатының мерзімі өтіп кеткені анықталды. Дегенмен сот стоматологты қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кетті деген қорытынды жасап, бостандыққа жіберді.