«Ордабасының» капитаны қамалып, қылмыстық іс қозғалды

«Ордабасының» капитаны қамалып, қылмыстық іс қозғалды. Жанжал Шымкентте өткен жолдастық кездесуде туындаған. «Ордабасы» мен «Ақтөбе» жастары шеберлік байқасқан.

«Ақтөбе» футбол клубы өкілінің мәлімдеуінше, екінші таймның басында келіспеушілік орын алып, арты жаппай төбелеске ұласқан. «Жанжал салдарынан «Ақтөбенің» екі жас ойыншысы ауруханаға жеткізілді. Біреуінің жағы сынып, екіншісі ерін жарақатын алды. Алғашқысына ота жасалады. «Ақтөбе» футбол клубы зорлық-зомбылықты қатаң сынай отырып, тиісті органдар аталмыш жағдайды мұқият тергейді деп сенім білдіреді». Ал бұл жағдайға ресми жауапты жазбаша жолдаған «Ордабасы» өкілі эпизод кезінде қатысушылар тарапынан өзара арандату әрекеттері болғаны байқалады дейді. Қалай дегенмен де осы жәйттен соң Ордабасының капитаны қамауға алынып, полиция «Бұзақылық» жайты бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық қатысушылары полиция бөліміне жеткізілді.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Тексеру барысында жанжалдың басталуына «Ордабасы» командасының капитаны себепкер болғаны анықталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша қатысушылардың әрекеттеріне заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетін болады.