Наурыздағы ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран мен сары аяз жұртты әбігерге салды

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2026

Көктем келді деп қуанып жүргенде, қыс қайта басталды. Наурыздағы ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран әлекке салуда. Тіпті оңтүстікте қалың қар жауып, қатып жатыр. Ел аумағында жолдар жабылып, қозғалыс шектелді. Төтенше жағдай қызметі, полиция құрылымдары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Өңірлердегі ахуалды тілшілеріміз жеткізеді. Айғаным, сөз сізде.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Ақ түтек боран астаналықтарды әбігерге салды. Желдің екпіні күшті, көшеде жүру мүмкін емес. Адамды ұшырып алып кетердей ұйытқи соғады.  Астана әуежайында 20 рейс кейінге шегерілді.  Қала кіріп-шығар жолдар жабылды.  

Астана – Қарағанды тас жолында 7 көлік  соқтығысып, бір адам қаза тапты. Бірнеше жолаушы жарақаттанған.

Қолайсыз ауа райы қала ішіндегі тіршілікті де тұралатты. Таңертең көліктер от алмай, көшелерде кептеліс көбейді.  Айналма жолда 3 көлік соғысқан.  Екінші ауысымдағы мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшті

БЛИЦ:

- Наурызда осындай салқын болады деп күткен жоқпыз. Балаларға қиын болды. Бүгін таңда сабақ болмайды деп айтқан жоқ.

- Жел, ызғарлы, суық. Адамды ұшырып жібере жаздайды.

- Сақылдаған аяз. Ұшуға мүлдем қолайсыз.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Қазір термометр бағаны -20 градусты көрсетіп тұр, бірақ -32 градус аяз сезіледі.  Синоптиктер күн әлі де суытады деп отыр.  Жел күшейіп, көктайғақ болады дейді. Ал солтүстікте жағдай қалай, ол туралы әріптесім Абзал Құрманкин айтады.

АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Рахмет, Айғаным!  Қызылжарды сақылдаған сары аяз буып тұр. Сынап бағанасы түнде -34 градусқа дейін түсті.  Бізде де мектептерде бірінші ауысымдағы балалар   қашықтықтан оқыту жүйесіне көшірілді. Түс кезінде аяз сәл бәсеңдеп, екінші ауысымдағылар мектепке барды. Синоптиктер мұндай аяз соңғы рет 60 жыл бұрын болғанын айтады.

НАТАЛИЯ ЛЕВИНА, “ҚАЗГИДРОМЕТ” РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Наурыз айында ең суық ауа райы 1954 жылы болды. Ол кезде сынап бағанасы -36 градусқа дейін түсті. Ал -34 градус соңғы рет 1966 жылы болды. Жалпы 2000 жылдардан бастап қарасақ, наурыз айында әрі кетсе 28 градус аяз болатын. Демек, кеше түнде 21-ғасырдың рекорды орнатылды.

АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Наурыз айы биыл қатты құбылып тұр. Бірнеше күн бұрын сынап бағанасы +1 градусты көрсетіп, қар ери бастаған еді. Бүгін аяз болса, ертең ол қарлы боранға ұласады дейді Казгидромет мамандары. Шымкенттіктер де ауа райының қолайсыздығынан әлекке түсіп жатқан секілді, Айзада, сіздер де тоңып жатсыздар ма? Ерте гүлдеген жеміс ағаштары не болмақ?

АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Абзал, бәрінен бұрын соларға обал болды. Ақпанның ортасында-ақ бүршік атып, гүл ашқан  жеміс ағаштарын қар басып қалды. Әлдеқашан күн жылып, көктем шығып қойған Шымкентке қыс қайта келді.  Ақ көрпеге оранған айнала әдемі болғанымен, тұрғындар мен коммуналдық салаға жауаптыларды бірәз әбіржітіп тұр.

Алдымен нөсер жауын жауды. Соңы қарға ұласты. Қала аумағындағы үш ауданда су басу қаупі туындады. Коммуналдық қызмет мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мамандар түннен бері арық-атыздарды тазалап, көшелерде жиналған суды сорумен айналысып жатыр. Соның нәтижесінде аулаларға су кірмеген. 

АЙДОС ҚУАНЫШОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Қала аумағы бойынша 189 бірлік осы су тасу және қар күреуге техника ұйымдастырылды. Қазіргі таңда аталған аумақтардағы барлық су басу факторларының барлығын күресіп, жойдық. Және әлі де ол жұмыстар жалғасуда. Өйткені бізде әлі қар жауып тұр. Ол жұмыстарға бізде арнайы бригадалар ұйымдастырылды. 

Ауа температурасы 0 градусты көрсетіп тұр.  Бірақ ақтүтек боран.Синоптиктер түнде - 8-10 градусқа дейін аяз болады дейді.  

АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ал Түркістан облысының солтүстігі мен таулы аудандарында ауа температурасы 15-20 градусқа дейін төмендейді. 12-наурыздан кейін күн жылына түспек.