Өңірлерде түсіндіру жұмысы «Есіктен есікке» акциясымен жалғасты

Саяси науқан жақындаған сайын еліміздің түкпір-түкпірінде үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Республикалық референдумның мән-маңызын түсіндіру үшін белсенділер  халық көп жиналатын орындарда ақпарат таратуда.

Алматыда белсенділер ірі тұрғын үй кешендерін аралап, дауыс беру туралы барынша ақпарат берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір ғана тұрғын үй кешенінде 200-ден астам насихат парақшасы таратылған.

АРУЖАН АМАНГЕЛДИЕВА, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ МҮШЕСІ:

Біз бүгін біршама белсенділер болып жиналып, жоспарланған тұрғын үйге келіп, бірде бір блокты назардан тыс қалдырмай тұрғындарды ойлағанымыздан да көп мөлшерде ақпараттандырдық.

Дәл осындай ақпараттық науқан Қостанайда да жалғасуда. Мұнда «Жастар рухының» белсенділері қаланың түрлі аудандарында түсіндірме плакаттарын ілді. Ақпараттық материалдар халық көп жүретін жерлерде, аялдамалар мен әлеуметтік нысандарда орналастырған.

ЕВГЕНИЙ СОТНИКОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Аялдамалардағы назар аудартатын дүниелердің бәрі қызығушылық тудырады. Бүгін Қостанай аялдамаларын аралап, афишалар ілеміз, сонымен қатар адамдармен сөйлесеміз. Себебі ашық түсті афиша әрқашан көз тартады.

Оралдық белсенділер де ақпараттық жұмысты күшейтті. Олар Еңбек ардагерлерінің үйіне барып, тұрғындарға референдумның маңызын түсіндірді. Үгіт-насихат ісі облыстың 12 ауданында да қарқын алған. Жұмыс өнімді болуы үшін Орал қаласы 7 аумаққа бөлініп, жастар қазір ірі сауда орталықтарында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

ЕРЛІК ШАМҒАЛИ, “ЖАСТАР РУХЫ” ЖҚ БҚОФ КОНСУЛЬТАНТЫ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ МҮШЕСІ:

Референдумға бес-ақ күн қалды ғой. Мына халықтың көпшілігі білеміз, жалпы бұл үлкен жаңа өзгерістерді біз де қолдауға дайынбыз. Отбасымызбен бірге дайынбыз деген ықыластарын білдіріп жатыр. Жаңа конституциялық реформаға халық болып жұмыла ат салысып жатқаны, бұл біздің болашағымыз үшін бей-жай қарамайтындығын көріп отырмыз.

Осылайша, еліміздің әр өңіріндегі үгіт-насихат топтары саяси науқан қарсаңында халықты белсенді болуға шақыруда.