15 мың круиз жолаушысы Парсы шығанағында тұрып қалды

Фото: Wikimedia.org

Дубай, Доха және Абу-Даби порттарында тұрып қалған кемелердің жолаушыларын үйлеріне қайтару үшін круиздік компаниялар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Аймақтағы шиеленістің күшеюіне байланысты бірнеше кеме Парсы шығанағындағы порттардан шыға алмай қалғандықтан, Еуропаға жоспарланған бірқатар круиз тоқтатылды.

Таяу Шығыстағы жалғасып жатқан қақтығыс операторларды рейстерді уақытша тоқтатуға және порттарда қалып қойған мыңдаған жолаушыны елдеріне қайтаруға мәжбүр етті.

БҰҰ-ның Халықаралық теңіз ұйымы (IMO) AFP агенттігіне берген мәлімет бойынша, аймақта бірнеше оператордың кемелерінде жүрген 15 мыңға жуық круиз жолаушысы порттарда қалып қойған. Олардың қатарында MSC, TUI, Celestyal және AROYA компанияларының кемелері бар.

Дүйсенбі күні Celestyal грек круиздік компаниясы өз кемелерінің әлі де шығанақта тұрғанын растады: Celestyal Discovery қазір Дубайда, ал Celestyal Journey Дохада тұр.

Компанияның мәліметінше, Дубайдағы жолаушылардың барлығы қауіпсіз түрде жағаға түсірілген, ал Celestyal Journey кемесіндегі қалған жолаушылар Қатарда алдағы 24 сағат ішінде түсіріледі деп күтіліп отыр.

— Екі кеме де толықтай жарамды және теңізге шығуға дайын», — делінген Celestyal мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, кемелердің аймақтан шығуы тиісті органдардың ұсынымдарына сәйкес жүзеге асатыны айтылды.

Алайда бұл жағдай Celestyal компаниясын грек аралдарына жоспарланған екі круизді тоқтатуға мәжбүр етті. Олар «Iconic Aegean» бағдарламасы аясында осы айдың соңында өтуі тиіс еді.

20 наурызға жоспарланған үш күндік, ал 23 наурызға белгіленген төрт күндік круиз Celestyal Discovery кемесімен өтпейтін болды. Қазір компания лайнерді жазғы маусымға дайындап, оны Жерорта теңізіне көшіруге дайындалып жатыр.

Тоқтатылған рейстерге билет алған жолаушыларға ақшасын толық қайтарып алу немесе болашақ круиздерге арналған ваучер алу ұсынылады.

Аймақта жұмыс істейтін басқа да круиздік операторлар өз бағдарламаларын өзгертуге немесе уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

Сауд Арабиясының қолдауымен жұмыс істейтін AROYA Cruises компаниясы Парсы шығанағындағы қысқы маусымының қалған бөлігін толық тоқтатқанын мәлімдеді.

Компанияның хабарлауынша, 7 наурыз күні олардың лайнеріндегі барлық жолаушы Дубайда қауіпсіз түрде жағаға түсірілген. Бұл шешім аймақтағы күрделі жағдайды ескере отырып және теңіз және ұлттық билік органдарымен келісім негізінде қабылданған.

Ал Женевада орналасқан MSC Cruises компаниясы Дубайдағы MSC Euribia лайнерінде болған жолаушыларды елдеріне қайтару үшін арнайы рейстер ұйымдастырып жатыр. Круиздік компанияның мәліметінше, 1500-ден астам жолаушының аймақтан ұшып кетуіне жағдай жасалған.

Қазірдің өзінде жеті рейс орындалған. Оның ішінде арнайы чартерлік ұшулар да, сондай-ақ коммерциялық әуе компанияларынан сатып алынған орындар да бар. Жолаушылар Ұлыбританияға, Италияға, Германияға, Испанияға, АҚШ пен Бразилияға жеткізілді.

— Кеме командирі мен экипаж жолаушылардың барлық қажеттілігімен қамтамасыз етілуі үшін тынымсыз еңбек етті. Әлемнің әр түкпіріндегі командалар оларды қауіпсіз әрі мүмкіндігінше тез үйлеріне жеткізу үшін тәулік бойы жұмыс істеді, — деді MSC Cruises атқарушы төрағасы Пьерфранческо Ваго.

Ал немістің TUI Cruises операторы Mein Schiff 4 лайнерінің барлық рейсін 23 наурызға дейін, ал Mein Schiff 5 лайнерінің рейстерін 12 наурызға дейін тоқтатқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта Mein Schiff 4 кемесі Абу-Даби портында тұр.

— Соңғы күндері барлық жолаушы мен экипаж мүшелерінің көп бөлігі үшін кері рейстер ұйымдастырылды, — деп мәлімдеді компания.

Жолаушылар мен экипажды елдеріне қайтару жұмыстары TUI Cruises ұйымдастырған чартерлік рейстер және Qatar Airways әуекомпаниясының тұрақты рейстеріндегі броньдар арқылы үздіксіз жүргізіліп жатыр.