Дрезденде Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі бомба табылды, 18 мың адам эвакуацияланады

Фото: ТАСС

Германияның Дрезден қаласының орталығынан Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен қалған жарылмаған бомба табылды. Осыған байланысты бүгін шамамен 18 мың адам эвакуациялануы тиіс. Бұл туралы қалалық әкімдік ресми сайтында хабарлады.

2026 жылғы 10 наурызда бұрынғы Каролабрюкке көпірі маңындағы екі күмәнді аумақты тексеру барысында жарылғыш зат анықталған. Оқ-дәрілерді залалсыздандыру қызметінің тексеруінен кейін оның салмағы 250 килограмм болатын, жарылғыш құрылғысы бар бомба екені белгілі болды. Мамандар оны міндетті түрде залалсыздандыру қажет екенін айтты.

Жарылмаған снарядты залалсыздандыру жұмыстары 11 наурызға жоспарланған. Қала тарихында бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі бомбаға байланысты жүргізіліп отырған ең ірі эвакуациялардың бірі болмақ.

Снаряд табылған аумақтың айналасындағы 1 шақырым радиуста орналасқан аймақтан шамамен 18 мың тұрғын, сондай-ақ қызметкерлер мен туристер уақытша көшіріледі.

Аталған аймақта Дрезденнің танымал туристік нысандары орналасқан. Сонымен қатар мұнда полиция басқармасы, Саксония жер парламенті (ландтаг), бірнеше министрлік, қарттар үйлері, балабақшалар және басқа да әлеуметтік мекемелер бар.

Эвакуацияланған тұрғындарды уақытша орналастыру үшін Messe Dresden көрме кешенінде арнайы пункт ашылады.

Айта кетейік, жарылмаған снарядтар бұрын құлаған Каролабрюкке көпірін қайта салу жоспарланған аумақта табылған. Өткен жылы көпірді демонтаждау кезінде де төрт бомба анықталған. Тамыз айында оларды залалсыздандыру үшін 17 мың адам эвакуацияланған еді.